astana-view

Атырауда тұрғын үй салушылар әкімшілік кедергілердің салдарынан шығынға ұшыраған

2022 жылғы 13 Сәуір
- Атырау облысы
16868 просмотров

Кеңестің кезекті отырысында «Дайрект Констракшн» ЖШС және «Каспий Құрылыс ЛТД» қалалық құрылыс бөлімі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы және Ұлттық сараптама орталығы қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты шағымдары қаралды.

Атап айтқанда, «Дайрект Констракшн» ЖШС Нұрсая шағын ауданындағы тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталғаннан кейін тіркеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалына дайын объектілерді пайдалануға беру актісін тапсырған, алайда бұл орган тіркеуден бас тартты. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы компанияның өтінімін құрылыс саласындағы нормалар мен талаптар сақтамалмаған деп кері қайтарған.

 «Басқарма қызметкерлерінің айтуынша, пайдалануға беру актісі аккредиттелген зертхана жүргізген өлшеу нәтижелері бойынша ғимараттың шу оқшаулау жобасына сәйкес санитариялық-медициналық сараптама бойынша мемлекеттік органнан растау алмағандықтан өтінім кері қайтарылған. Бұл ретте шу және вибрация деңгейінің өлшемдерін біздің тапсырысымыз бойынша «Батыс Эко Проджект» ЖШС аккредиттелген ұйымы өткізді. Сұратылған растауды алу үшін біз Ұлттық сараптама орталығына жүгініп, оларға шу мен вибрация деңгейін өлшеу хаттамасын ұсындық. Сараптама орталығы бұл хаттаманы қабылдамай, сынақтан қайта өтуді талап етті. Бұл ретте сараптама орталығының тиісті өлшемдерді жүргізуге қажетті жабдығы жоқ. Сондықтан бізге БҚО-дағы филиалға бару ұсынылды. Жоғарыда аталған тұрғын үй кешені мемлекеттік кепілдік бойынша салынды және айыппұл санкцияларын болдырмау үшін біз белгілі бір мерзімге дейін пайдалануға беру актісін алуға тиіс екенімізді атап өту керек. Бұл мәселені шешумен Қазақстан құрылысшылар одағы да айналысып жатыр. Одақ 14 наурызда ИИДМ-ге және ҚР Бас прокуратурасына мемлекеттік органның талабы заңнамаға қайшы келетіні туралы хат жолдады», – деді «Дайрект Констракшн» компаниясының өкілі Асан Юсубалиев.

 Ұлттық сараптама орталығының маркетинг және сараптамалық қызмет департаменті директорының орынбасары Назар Ниятқұлов жергілікті филиалдың сынақ зертханаларының хаттамалары негізінде сараптамалық қорытынды беруден бас тарту фактісі бойынша ішкі тергеу жүргізілетінін, өйткені жеке зертханалардың хаттамалары да жұмысқа қабылданатынын атап өтті.

«Бір мәселе бар – Атырау филиалы қорытынды беруге құзыретті емес. Өйткені зертхана, арнайы жабдығы жоқ және қызметкерлер жақында ғана оқудан өткен. Жабдықты жеткізу карантин шектеуіне байланысты кешігіп жатыр, сондықтан құрылыс салушыға БҚО филиалына жүгінуді ұсынамыз», – деді Назар Ниятқұлов.

 Ал Ұлттық сараптама орталығының Атыраудағы филиалының маманы Лаура Ғайнуллина «Дайрект Констракшн» ЖШС-дан құжаттар дұрыс рәсімделмегендіктен қабылданбағанын айтты. Егер құжаттар дұрыс болса, филиалдың өзі оларды БҚО-дағы әріптестерге жіберер еді.

Алайда мұндай жауапқа Кеңес мүшелерінің көңілі толмады. Олардың пікірінше, кәсіпкерлерге қосымша кедергі жасалған және бұл мәселені шұғыл түрде реттеу керек.

Құрылыс салушының өзі бас тартуға бастапқыда бір себептер, қазір мүлде басқа сылтаулар негіз болғанына наразы.  Енді кәсіпкер құжаттарды толықтырып, келісімге қайта жіберуге мәжбүр. .

«Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС-нің өтінішіне қатысты Атырау қаласы әкімдігінің атынан тапсырыс беруші Талғайран ауылында инженерлік желілерді жүргізу бойынша көпқабатты тұрғын үйлер салу жөніндегі келісімшарттың талаптарын бұзды. Нәтижесінде, құрылыс салушы бос үйлерді күзету және қызмет көрсету түрінде шығынға ұшырайды. Атап айтқанда, электр энергиясына шамамен 20 млн теңге, жалпы күзетке – 16 млн теңгеден астам қаражат керек.

 «Сыртқы инженерлік желілерге қосылмаған дайын объектілерді пайдалануға беру мүмкін емес. Бұл тапсырыс берушінің міндеті. Жылудың болмауы салдарынан объектілер күн суытқанда жағымсыз факторларға ұшырайды. Ал қалалық құрылыс бөлімі олқылықтарды уақтылы реттемегені үшін бізге қатысты әкімшілік өндірісті қозғап жатыр. МСҚБ қызметкерлері тәуелсіз тексеру жүргізді, оның қорытындысы сот тарапынан алынып тасталды», – деді «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Теміров.

Кеңес төрағасы Әлібек Семғалиев мемлекеттік органдар өкілдерінің назарын жеке лауазымды тұлғалардың біліксіздігі немесе немқұрайлылығы салдарынан ісін адал  жүргізетін кәсіпкерлер зардап шекпеуі тиіс екеніне, бизнес субъектілерінің құқығының бұзылуына жол бермеу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігіне аударды.

Құрылыс басқармасы мен МСҚБ басшылары өз түсіндірмелерінде құрылыс салушы объектіні пайдалануға қабылдау актісін ұсынбағанын хабарлады. Қазіргі кезде инженерлік коммуникацияларды тартуға қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Өз кезегінде қала прокурорының орынбасары Нұржан Әбілов бұл мәселе бойынша бірқатар бұзушылық анықталуына байланысты прокурорлық араласу шаралары қабылданатынын айтты.

Талқылау соңында Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің сектор меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев қаралған мәселелерге қатысты Кеңестің ұсыныстарын айтты.

Атап айтқанда, «Direct Construction Service» ЖШС бойынша қалыптасқан жағдайды түсіндіру үшін уәкілетті мемлекеттік органға жүгіну ұсынылды. Өтініш беруші сотқа жүгінсе, Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы практикалық көмек көрсетуге дайын.

«Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС бойынша Атырау облысы әкімінің атына тапсырыс берушінің кінәсінен туындаған құрылыс салушының қосымша шығындарын ескере отырып, дайын объектілерді қабылдау және келісімшартқа сәйкес төлеу бөлігінде қалалық құрылыс бөлімі атынан өтініш жолдау ұсынылды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет істері департаментіне «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС-на қатысты кәсіпкерлік қызметке араласу және заңсыз тексеру фактісі бойынша МСҚБ лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау ұсынылды. Компания сотқа жүгінген кезде Өңірлік палата кәсіпкердің құқығын қорғауға да жәрдем көрсетуге дайын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер