astana-view

Кәсіптің көзін тапқан отандастар

2022 жылғы 01 Мамыр
- Маңғыстау облысы
10160 просмотров

Ақтаулық Оксана Немченко орыс ұлтының өкілі. Ол 1985 жылы қазақ жеріне қоныс аударған. Осыдан бір жарым жыл бұрын қыштан бұйымдар жасайтын студия ашты. Ақтау қаласының орталығынан ашылған кәсіп заманауи әрі соңғы кезде үлкен сұранысқа ие. Қыш студиясында кофехана да орналасқан. Бұл балалар мен ересектер үшін пайдалы демалыс пен жаңа дағдылар қалыптастыруға оң әсер етеді.

-Мен өз ісімді бастаған кезде де, қазір де этникалық кемсітушілікті, әлде бір  қиындықтарды байқамадым. Қазақ елінің ғажабы осында. Менің басты мақсатым - қазақ тілін үйрену. Мемлекеттік тілді үйренуді ұлттық ұстанымдағы отбасылардан жылдам игеруге болады. Өйткені қазақша үйрететін жақсы оқытушылар аз,- деді кәсіпкер.

Оксана Немченко Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасына қарасты Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі. Бизнестің сан қырын жақсы меңгерген. Әсіресе кәсіпті жаңа бағытта дамытуға құштар. Студия алғаш рет ашылғанда тұтынушылар айтарлықтай көп болмаған. Қазір келушілер біршама артқан. Әр тұтынушы өзі жасап шығарған қыш ыдыстардан екеуін алып кетуіне болады. Саз балшықтан иленетін ыдыс-аяқтар мен бұйымдардың жасалу процесі ерекше қызық. Демалыс пен пайдалы істі ұштастырған кәсіпке сұраныс та артып отыр.

Ал, Надежда Вадодария өзі орыс, жары үнді ұлтының өкілі. Ақтаудағы Қазақстан халқы ассамблеясы «Салем-Намасте» үнді мәдени бірлестігінің төрайымы. 2017 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі. Ол бірнеше бағытты қатар меңгерген талапты әйел. Облыс орталығындағы халықаралық мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Соңғы 6 жылда йоганы да меңгеріп, қызығушылық танытқандарға үйретіп жүр. Сонымен қатар Ақтаудың сауда орталықтарына үнді косметикасы мен өнімдерін таратып, бизнесін дөңгелетіп отыр. 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді.

-Үнді мәдени орталығына 15 адам мүше. Екі ел арасындағы интеграцияны дамыту, қазақ-үнді қарым-қатынасын нығайтуды көздейміз. Қазақстанда 130 ұлттың өкілі бір шаңырақ астында, бейбіт күнді кешіп жатыр. Кәсібімізді жетілдіріп, салт-дәстүрімізді ұлықтауға кедергілер көріп жүргеніміз жоқ. Дархан қазақ жерінде тұрып, үш перзент тәрбиелеп, кәсібімізді дамыта түсуге ниеттіміз,- дейді кәсіпкер Надежда Вадодария.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер