astana-view

Шағын дүкен иелері жеткізушілер төлемдерді онлайн қабылдамайтынына шағымданды

2022 жылғы 11 Мамыр
- Жетісу облысы
7601 просмотров

Талдықорған қаласында «үй жанындағы дүкен» иелері кейбір жеткізуші фирмалар онлайн-төлемді қабылдаудан бас тартатынын мәлімдеді. Кәсіпкерлердің айтуынша, көтерме саудагерлер тауар үшін тек қолма-қол ақшамен есеп айырысуды талап етеді.

Осы және басқа да мәселелерді «Күшіміз бірлікте» кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дана Жамболатова, Талдықорған қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы, жеткізуші фирмалар, «Халық банкі» АҚ банкінің өңірлік филиалы өкілдерінің қатысуымен «Атамекен» алаңында өткен төлем жүйелері мәселелері жөніндегі кеңес барысында айтты.

 «Бұл кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынас мәселесі. Алайда біз мәселенің шешімін табу үшін өңірлік палата, мемлекеттік кірістер органы, жетізуші фирмалардың бас кеңселерін қосуға мәжбүр болдық. Өйткені дүкендерге тауар жеткізетін көптеген фирма қолма-қол есеп айырысуды талап етеді. Мұндай талап бізге физикалық және экономикалық тұрғыда тиімсіз. Бүгін мемлекеттік кірістер органдардың саясаты қолма-қолсыз төлемге бағытталған, бұған бізді міндеттейді. Бұл талапты орындап жатырмыз. Бұдан басқа біз банкіден ақша шешу үшін пайызын, жеткізушіге қойылған комиссиясын да төлейміз. Бүгінгі жағдайды ескере отырып, біз жеткізушілермен өзара тиімді және тең серіктестік орнатқымыз келеді», – деді «Күшіміз бірлікте» кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Еділ Қазақпаев.

 Кәсіпкер Татьяна Гутовская экспедиторлардың дүкендерге қолма-қол есеп айырысуды сұрауы бір ғана жағдай емес екенін, бұл фактілер облыс орталығының көптеген дүкенінде болып жатқанын хабарлады.

«Мегаполис» сауда кәсіпорнының өкілі Ирина Коршунова компания төлемнің барлық тәсілін қабылдайды, сондай-ақ кәсіпкерлердің өтініштері мұқият зерттеледі деп жауап берді.

 «Бизнестің төлемдер, есеп айырысуды қолма-қол және қолма-қолсыз жүргізу бойынша міндеттемесі бар. Сондықан біз төлемдердің барлық түрін қамтамасыз етеміз. Біз қолма-қол ақша төле деп ешкімді міндеттемейміз. Қазіргі кезде Kaspi pay құралы сынақтан өтіп, қолданысқа беріледі. Ол арқылы сатып алушылар төлемдерді QR көмегімен жүргізе алады», – деді компания өкілі.

 Талдықорған қаласы МКБ өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру бөлімінің маманы және жеке кәсіпкерлер үшін мобильдік қосымшаларды пайдалана отырып, қолма-қол ақша, карточкалармен төлеу қолданыста екенін түсіндірді. Барлық жағдайда салық төлеуші бақылау-кассалық машина чегін беруге міндетті. Чекті бермегені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші бұзушылық орын алса ескерту, бұдан әрі жке кәсіпкер үшін 20 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Ал QR-код бойынша төлемді қабылдамағаны үшін жауапкершілік көзделмеген.

Сондай-ақ, кәсіпкерлердің сұрақтары мен ұсыныстарына «Халық банкі» АҚ облыстық филиалының өкілдері жауап берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер