astana-view

Бизнеске қатысты қылмыстық істердің 26 пайызы негізсіз қозғалған – Ұлттық палата

2022 жылғы 18 Мамыр
5143 просмотров

Ұлттық палатаға кәсіпкерлерден қылмыстық істерге қатысты шағымдар түсіп жатыр. Бұл жайт әлі күнге дейін бақылаушы және құқық қорғау органдарының жұмысында жазалауға басымдық жасалатынын көрсетеді. Кәсіпкерлер туындаған дауларды реттеуде өзінің азаматтық-құқықтық мүмкіндіктерін пайдаланып үлгермей қалады. Ал ІІМ және Қаржы мониторингі агенттігі сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену, талан-таражға салу, алаяқтық не өздік әрекет фактілері бойынша көп жағдайда қылмыстық іс қозғауды жалғастырып келеді.

 Экономикалық қылмыстар бойынша істердің 40%-ға жуығы тоқтатылады, ал тағы 26%-ы негізсіз қозғалған. Қылмыстық жүйе қылмыстық істерді негізсіз тіркеу, күдіктіні тұтқындау, мүлігін тінтуден кепілдік бермейді. Бұл шаралар бизнес қызметін тоқтатуы мүмкін. «Атамекен» ҚР ҰКП деректері бойынша, 2021 жылы экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 1 707 қылмыстық іс тіркеліп, тергелген.

 «Осындай істерді тергеу жұмыстары әдетте айлар, жылдарға созылатынын атап өткен жөн. Бұл уақыт ішінде қылмыс құрамының немесе оқиғаның белгілері болмаған кезде тергеу шаралары жүргізіледі. Осы уақыт аралығында кәсіпкерлер үлкен шығынға батады, бизнесі тоқтайды. Бұдан бөлек, «Атамекен» ҰКП мамандары заңнамалық шектеу салдарынан қылмыстық істердің өзіне қол жеткізе алмайды. Бұл жайт дербес сараптама жүргізуге мүмкіндік бермейді», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қолданысқа енгізілген сәттен бастап, яғни бір жыл ішінде соттарға барлығы 20 031 талап арыз келіп түсті. Соның ішінде 6 996 әкімшілік талап бизнес атынан түскен. Қаралған 2 933 істің ішінде бизнес пайдасына 1 458 шешім шығарылды. Бұл 50%-дан асады. Осы оң динамикаға қарамастан, кәсіпкерлерге қатысты соттардың заңсыз шешімдері шығарылып жатыр.

 «Соттардың санкциялары салдарынан ешкім құқық қорғау органдарының қателерін жедел түрде анықтап, тоқтата алмайды. Қанша кәсіпкер жазаланғанын, қанша адам тергеуде, сондай-ақ қамауға алу, тергеу, құжаттарды алу, шоттарды бұғаттау сияқты тергеу әрекеттері жасалып жатыр ма ешкім нақты айта алмайды. Себебі Қазақстанда қылмыстық процеске тартылған кәсіпкерлердің статистикалық есебі жүргізілмей» – деп толықтырды Ербол Өстеміров.

Қаңтар оқиғасы мен ағымдағы экономикалық жағдай жұмыстың жаңа әдістерін табуды талап етеді. «Атамекен» ҰКП мамандары құқық қолдану және сот практикасын тұрақты сараптауға, бизнеске қысымды заңнамалық деңгейде төмендету бойынша шаралар әзірлеуге баса назар аударуды жоспарлап отыр. Сараптама және заңдылықтың жай-күйін тексеру нәтижелері тоқсан сайын өңірлік прокурорлардың ҰКП мамандары және кәсіпкерлермен кездесулерінде, жартыжылда бір рет Бас прокурор алаңында талқыланатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер