astana-view

ҰКП жүк ұшақтарын пайдалану мерзімін ұзарту мәселесін көтерді

2022 жылғы 09 Маусым
12218 просмотров

«Атамекен» ҰКП ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкес келетін ұшақтарды пайдаланудың күнтізбелік мерзімін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.

Қазіргі кезде «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға сәйкес азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне пайдалануға берілгеніне 25 жылдан асқан жүк ұшақтарын тәркеуге тыйым салынды. Сондай-ақ ұшу циклы мен сағаттарының саны белгіленген зауыт ресурсының үштен екісінен асатын әуе кемелерді тіркеуге де тыйым салынды.  Егер ұшақты пайдаланудың жалпы мерзімі 30 жылдан аспаса, шетелдік жүк ұшағын экипажымен жалға алуға болады (ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму минситрінің міндетін атқарушының «Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға қойылатын сертификаттық талаптарды бекіту туралы» 24.02.2015 жылғы  № 153 бұйрығы).

«Атамекен» ҚР ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің басқарушы директоры Мұрат Амрин әуе кемесі жай-күйінің басты критерийі – ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігі және «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ беретін сертификаттың болуы екенін атап өтті.

«Халықаралық Азаматтық авиация туралы Чикаго конвенциясы әуе кемесін пайдаланудың шекті күнтізбелік мерзімін белгілемейді. Бұл әуе кеңістігін пайдалану тәртібін регламенттейтін негізгі құжат саналады. Ұшақтардың жоғары құны мен пайдалану мерзімдеріндегі шектеуді ескерсек, отандық тасымалдаушыларға әуе жүктері көлемін ұлғайту, сондай-ақ бәсекелестік пен транзиттік әлеуетті дамыту қиынға соғады», – деп түсіндірді сарапшы.

 Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл тақырыпта бірқатар жиналыс өткізді. Соның нәтижесінде «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Қазақстанда АН-12, АН-74, Як-40, ИЛ-76 әуе кемелерінің орташа белгіленген ресурсы 30-дан 55 жасқа дейін құрайтынын есепке алып, ААК жүргізген талдауды ескере отырып, нормаларды қайта қарауға дайын екенін білдірді.

 «Атамекен» ҰКП заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін қарауға қатысты  ИИДМ және Мәжіліске ұсыныс жіберді. Сондай-ақ мәселені Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен Үкімет алаңында өтетін жиында талқылау жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер