astana-view

Қызылордалық кәсіпкер мемлекетке 8,4 млн теңге субсидияны қайтармайтын болды

2022 жылғы 23 Маусым
- Қызылорда облысы
7917 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері «Әлібаев» шаруа қожалығын ірі шығыннан қорғап қалды. Кәсіпкер мемлекеттен алған 8,4 млн теңге субсидияны қайтармайтын болды.

«Әлібаев» шаруа қожалығы Қызылорда облысында алма өсірумен айналысады. Кәсіпкер 2018 жылы 5 гектар жерді тегістеп, қоршап, 10 мың түп алма ағашының көшетін отырғызады. Көшетті тамшылатып суғару әдісімен өсіреді. Жеміс өсірілетін аумаққа мырышпен қапталған сым тіреуіш бағаналарын, сымды тарту құралдарын, аралық тіреуіш бағаналарын орнатады.

Бұл жұмыстар үшін кеткен шығынның бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланатынын естіп, сол жылы құжаттарын өткізеді. Мемлекеттік бағдарлама операторы кәсіпкердің қызметі субсидиялауға жатады деп шешім қабылдап, 2018 жылы шілдеде 8,4 млн теңге субсидия беріледі.

Алайда биыл бағдарламаға жауапты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы «Әлібаев» шаруа қожалығын сотқа беріп, төленген субсидияны бюджетке қайтаруын талап етеді. Басқарма талап арызда қадағалау органының берген ұсынымын, сондай-ақ кәсіпкердің қаржыны мемлекетке қайтару туралы ескертпе хатты жауапсыз қалдыруын негізге алады.

Қиындыққа тап болған кәсіпкер Палата заңгерлерінен көмек сұрады.

«Біз мәселені зерделеу барысында қадағалаушы органның аралық бағандардың орнатылғаны жөнінде акті немесе басқа да тиісті құжаттардың жоқтығын алға тартқаны анықталды. Біріншіден, «Әлібаев» шаруа қожалығы бағандарды келесі бір кәсіпкерден алған. Олардың арасында жасалған келісімшарттары бар. Шарт бойынша тараптар міндеттерді толығымен орындап, қабылдау актілеріне қол қойған, төлем жасаған. Екіншіден, ол инвестициялық салымдарды нысаналы мақсатына жұмсаған. Заңда «адал иеленуші» деген термин бар. Кәсіпкер барлық жағынан осы санатқа енеді. Бұндай жағдайда кәсіпкерден мемлекеттен алған қолдауды қайтар деу негізсіз деген ұстанымымызды сотта жеткіздік» – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Қызылорда облысындағы бизнес-омбудсменнің өкілі Салават Құлмахан.

Сотта облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғалымжан Бекмамбетов қос тарапты мұқият тыңдап, тараптардың өкілдерімен «Әлібаев» шаруа қожалығына қосымша көшпелі көріп-тексеру жұмысын жүргізді. Көріп-тексеру барысында кәсіпкердің алма бағында аралық  тіреуіш бағаналар бар екені расталды. Нәтижесінде сот облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының талабын қанағаттандырудан бас тартып, кәсіпкердің құқығы қорғалды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер