astana-view

«Нұрлы жер» бойынша шаршы метр бағасын жыл сайын қайта қарау керек – Ұлттық палата

2022 жылғы 24 Маусым
6177 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үйдің бір шаршы метрінің ең төменгі өзіндік құнын есептеу әдістемесін әзірлеп, бекітуді ұсынды.

ҰКП мамандары мұндай алгоритм тұрғын үйдің бекітілген баға параметрлерін қайта қарауға және құрылыс ресурстары құнының қазіргі өзгерістерін ескере отырып, жыл сайын шаршы метр бағасын түзетіп отыруға мүмкіндік береді деп мәлімдеді. Сондай-ақ, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының бағалық параметрлерін қайта қарау жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтқан болатын.

 Ұлттық палата сарапшылары мемлекеттік бағдарламалардағы тұрғын үй құрылысы жобалары бойынша баға параметрлерін қайта қарауды Үкімет жанындағы жедел штабта құрылыс саласын қолдауға ұсынылған шаралар қатарында ұсынды.

«Бағдарлама бойынша тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құнын арттыру қажеттілігі туралы проблеманы «Атамекен» ҰКП бірнеше жыл бойы көтеріп келді. Үкіметтің пандемия кезінде бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын әзірлегенде де айтылған. Бизнестің ұсыныстары биыл ғана қолдау тапты. Құрылыс компаниялары қазір бағдарламада белгіленген бағалар тиісті сметалық есептер және талдаумен негізделмеуіне қатысты проблеманы үнемі көтеріп келеді», – деді«Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің директоры - басқарушы директор Назира Үсенова.

 Салалық қауымдастық өкілдерінің айтуынша, бағдарлама аясында қарастырылған тұрғын үй құны құрылыс ұйымдары үшін іс жүзінде тиімсіз болды. Өйткені бағдарламада көрсетілген құн құрылыс саласындағы нақты бағаларға сәйкес келмейді. Сонымен қатар, нарық талабына сай келмейтін баға бизнеске зиян келтіреді, жобаның тиімсіздік тәуекелін арттырады, салынып жатқан құрылыстың сапасына теріс әсер етеді.

Былтыр құрылыс үшін қиын кезең болды. Құрылыс материалдарының бағасы күрт және едәуір өсті. Соның салдары құрылыстың жалпы қымбаттауына әкеп соқты. «Атамекен» мамандары нарықтағы жағдайдан кейін жобалар сметасына түзету енгізу керегін атап өтеді. Бұл жобалардың іске асуы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүрді және бір мезетте бірден 10%-ға қымбаттаған.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы уәкілетті орган құрылыс материалдары, заттары мен конструкцияларына сметалық баға жинақтарындағы бағаларды тоқсан сайынғы негізде өзектендіріп отырады. Бұл бағалар тұрғын және тұрғын емес ғимараттар құрылысының құнын айқындауда негізге алынады. Материалдар құны, құрылыс техникасын сатып алу мен жалға алу бағасының өсуін ескере отырып, бағдарлама шеңберінде тұрғын үйдің бір шаршы метрінің тіркелген құны да сәйкесінше түзетуді талап етеді.

Ұлттық палата сарапшылары бағдарламаға енгізілетін өзгерістер тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытуды қолдау бойынша пәрменді шара болады деп санайды. Нәтижесінде құрылыс компаниялары тарапынан бағдарламаға қатысуға ынта артады. Сәйкесінше мемлекет тұрғын үйді уақытылы салады.

 

  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер