astana-view

Мемлекеттік органдар отандық органикалық өнімді ҚХР нарығына шығаруға қолдау білдірді – Ұлттық палата

2022 жылғы 27 Маусым
6893 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Отандық органикалық өнімдерді Қытай нарығына шығарудың маңызы зор. Мұндай экспорттан барлық тарап ұпайсыз қалмайды. Тек еліміздің мемлекеттік органдары қытайлық үкіметпен келіссөз жүргізіп, құжат жүзінде реттеп беруі керек. Осы мәселе бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында талқыланды.

Жынға Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Сыртқы істер министрлігі, QazTrade АҚ және бизнес өкілдері қатысты.

Ұлттық палата Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев органикалық өнімнің Қытай нарығына шығарудың әлеуеті зор екенін атап өтті.

«Соңғы айларда болған оқиғалар өнімді алысқа экспорттаудың тиімсіз екенін көрсетті. Себебі логистика, төлем және басқа да проблемалар туындады. Қытайға органикалық өнімді экспорттауға дайын кәсіпкерлер бар. Қазір біз шығарып жатқан және экспорттап жатқан көлем аз, бірақ болашақта әлеуеті зор болады. Сондықтан мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Бұл саудадан ешкім ұтылмайды», – деді Ербол Есенеев.

QazTrade АҚ Зерттеу және консалтинг департаментінің директоры Өжет Шегірбаев мемлекеттік органдар шетелдік үкіметпен келіссөз жүргізіп берсе, компания мемлекеттік қолдаудың операторы ретінде әрекет етуге дайын екенін атап өтті.

2019 жылдың қыркүйегінен бастап осы уақытқа дейін қытайлық тараппен ешбір меморандум жасалмаған. Алдымен Қазақстанның АШМ және ҚХР Мемлекеттік кеден басқармасы меморандумға қол қою керек. Содан кейін Қытай нарығына шығатын жол ашылады. Сөйтіп АШМ қандай өнімдер экспортталатынын Сыртқы істер министрлігі арқылы Қытайға жібереді. Сол себепті мемлекеттік органдардың белсенді қызметі керек», – деді Өжет Шегірбаев.

Сонымен қатар, Qazaq Оrganic Union одағының директоры Арсен Керімбеков жақында Органикалық ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі жол картасы (ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасарының 25.05.2022 жылғы 17-13/2738 тапсырмасы) шығатынын айтты.

ҚР СІМ Азия және Тынық мұхит аймағы департаменті ҚХР басқармасының басшысы Алмас Сейтақынов салалық мемлекеттік органдармен бірлесе, үнемі негізде отандық өнімдерді, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚХР нарығына шығуда қызмет атқарып жатқанын айтып, салалық ведомство ретінде келіссөздер ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеді.

«Қытай нарығына дәл осы өнімді экспорттау өзекті. Оның үстінде қазіргі әлемдік дағдарыс кезінде маңызы зор. Сыртқы саяси ведомство ретінде онлайн-офлайн кездесу ұйымдастыруға дайынбыз», – деп қолдады Алмас Сейітақынов.

Ербол Есенеев жиынды қорытындылай келе, алдағы уақытта жүзбе-жүз кездесіп, мәселені нақтырақ талқылауды ұсынды.

«Біз ұсыныстарымыздың жобасын жолдаймыз. Сіздердің тарапыңыздан қарастырып, қолдау сұраймыз», – деді Ұлттық палата өкілі.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер