astana-view

Алматы облысында лимузин иелері мемлекетке миллиондаған теңге қарыз

2022 жылғы 27 Маусым
- Алматы облысы
1819 просмотров

Лимузин иелеріне соңғы үш жылдың салығын қайта есептеген. Енді әрбір кәсіпкер көлік құралдарының салығы бойынша мемлекетке бірнеше млн теңге қарыз.

Ашулы кәсіпкерлер Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасына қолдау үшін жүгінді. «Атамекен» кеңсесінде лимузиндердің 50-ге жуық иесі жиналды. Мән-жайларды анықтау үшін Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің, Талдықорған көлік прокуратурасы және әкімшілік полиция басқармасының өкілдері шақырылды.

Автокөлік иелерінің айтуынша, пайда болған берешекті мобильдік қосымшадан 2022 жылдың мамыр айында көрген. Бірден екі миллион аралығында салық берешегі анықталған.

Осыдан кейін кәсіпкерлер Талғар ауданы МКБ-не өтініш білдірген. Салықты қайта есептеу Салық кодексінің 492-бабы 4-тармағына сәйкес, сондай-ақ Алматы облысы МКД-нің 19 мамырдағы тапсырмасына сәйкес 2019, 2020, 2021 жылғы 42 көлік құралы (лимузиндер) бойынша жүргізілгені туралы жауап берді. Көлік иелері бұған дейін 2019 және 2020 жылдар аралығында салықтарды D санаты бойынша автобустар ретінде төлегенін атап өтті

«2020 жылдан бастап пандемия кезінде біз жұмыс істемедік, көліктерге сұраныс болмаған соң, көліктер қозғалыссыз тұрды, сәйкесінше табыс та болмады. Бүгінгі таңда жағдай шиеленісе түсті, әрқайсымыздың бір-екі млн теңгеге дейін салық берешегіміз бар. Жеке сот орындаушылары өндірістік істерді қозғап, бізден салық төлеуді және өз қызметтері үшін берешек сомасының 25% төлеуді талап етеді. Сондықтан біз қайта есептеуді алып тастауды сұраймыз және оны заңсыз деп санаймыз», – деді кәсіпкер Айдос Үсенұлы.

Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапар Шайкеновтың айтуынша, қайта есептеу тек облыста ғана емес, бүкіл республика бойынша жүргізілген.

«Бұл бүкіл Қазақстан бойынша өткізілуде. Бүгінгі таңда біз оны алып тастай алмаймыз. Қайта есептеу заң аясында жасалды» - деп жауап берді кәсіпкерлердің сұрағына МКД өкілі.

Прокуратура мен полиция өкілдері салық органының іс-әрекетінде кейбір қайшылықтардың бар екенін, заңнамада «лимузин» ұғымы жоқ екенін айтып өтті. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мәселені зерттейтін болады.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Думан Керімбаев қарызды өндіріп алу процесін уақытша тоқтатуды ұсынды. 

«Барлық іс жүргізу әрекеттерін мән-жай анықталғанға дейін тоқтата тұру қажет, себебі кәсіпкерлер наразы. Мен өз тарапымнан Алматы облысы бойынша бизнес-омбудсмен секторының меңгерушісі ретінде мәселені ҰКП проблемалық мәселелерінің тізіліміне енгізу үшін жолдайтын боламын және оның нәтижесі туралы кәсіпкерлерді хабардар етеміз», – деп мәлімдеді Думан Керімбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер