«Таза парақтан реттеу» реформасының барысы апта сайын талқыланады
«Атамекен» ҰКП ҚР Премьер-министрінің кәсіпкерлік қызметте «таза парақтан реттеу» реформасын енгізу жөніндегі кеңесіне қатысты. Әлихан Смайылов мемлекеттік бақылау салаларын автоматтандырмаса, тиімділікті арттыру мүмкін емес екенін атап өтті.
«Бизнеске қойылатын негізсіз, қажетсіз талаптарды қысқарту аса маңызды. Біз қазір жаңа жағдайда өмір сүріп жатырмыз, сондықтан бизнесті тексеруге мораторийдің күшін жойылған кезде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі әділ әрі объективті болуы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар кеңеске қатысушылар жер қатынастары, ақпарат және байланыс, компьютерлік бағдарламалау, құбыржол көлігі, қаттау және тау-кен өнеркәсібі салаларында талдау жүргізу барысын талқылады.
«Мемлекеттік органдар тарапынан жұмыс жанданды, бірақ «таза парақтан реттеу» реформасының мәнін түсінбей жатқан мемлекеттік органдар әлі де бар. Жылжымайтын мүлік саласын жеке атап өткім келеді. Жұмыс тобы Әділет министрлігіне бекітілген. Топ нормативтік актілерді жылжымайтын мүлікті беру, тіркеу, қайта тіркеу бөлігінде ғана қараған. Бірақ жылжымайтын мүліктің тіршілік циклінің бүкіл кезеңі – пайдалануға берілуі «таза парақтан реттеу» талдауынан түсіп қалған. Екі ай бойы жауапты тұлғаны анықтау мәселесі шешім бермеді, ҰКП, ИИДМ, Әділет министрлігі және ПМК арасында хат алмасу жүріп жатыр», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров.
Спикердің айтуынша, қазіргі кезде ерекше назар аударуды талап ететін бірқатар түйткілді мәселе бар. Мәселен, жоспар-кестеде белгіленген талаптарды талдау мерзімдерін бұзу. Мысалы, ақпарат және байланыс (АҚДМ), жер қатынастары (АШМ), компьютерлік бағдарламалау, ақпараттық қызмет көрсету саласындағы қызмет (ЦДИАӨМ), қаттау, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу (ИИДМ) салаларында талдауды аяқтау осы жылғы мамыр-шілдесіне жоспарланған, бірақ аяқталған жоқ.
Кеңестің қорытындысы бойынша экология, орман және балық шаруашылығы (ЭГТРМ), мұнай, газ, уран өндіру (ЭМ), қара және түсті металдардың қалдықтарын жинау және өткізу (ИИДМ) саласындағы реттеуді қайта қарау бойынша жеке қосалқы топтар құрылатын болады.
«Таза парақтан реттеу» реформасының барысы Премьер-министрдің қатысуымен апта сайын талқыланатын болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: