Мақсат Қиқымов Түркістан облысы кәсіпкерлерінің мәселесін тыңдады
Бүгін Түркістанда Ұлттық палата мен мемлекеттік органдардың өкілдері кәсіпкерлермен кездесті. Өңірдегі бизнесмендер қордаланған мәселелерін жеткізді.
Жиынға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, мәслихат депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Кездесу әңгімелесу форматында өтті.
Мақсат Қиқымов бизнес-қоғамдастық өкілдеріне Ұлттық палата қызметінде болып жатқан трансформация процесі, мемлекеттік органдармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері және өзара іс-қимыл шешімдері туралы ақпарат берді.
«Қазіргі экономика жағдайында еліміздегі барлық институттың бірігуі әрі Мемлекет басшысының тапсырмаларын бірлесе шешуі маңызды. Ұлттық палата ретінде кәсіпкерлерді, нарыққа қатысушыларды Үкіметпен, әкімдіктермен бірге осы процеске белсенді қатысуға шақырамыз. Биыл ақпанда «Атамекеннің» кезектен тыс съезінде қабылданған шешімдерді ескере отырып, палата қызметін трансформациялау шаралары іске асырылып жатыр. Оның маңызды бағыттарының бірі – бизнесті қорғаудың экожүйесін құру. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы қолдады. Осы мақсатта Бас прокуратура және Жоғарғы сотпен бизнеске қысымды заңмен азайту, құқық қолдану практикасы бойынша талдамалық жұмысқа баса назар аудара отырып, өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіру жоспарланып отыр. Үкімет пен бизнес арасында диалог орнату үшін ұсыныстарды қорыту, ведомство өкілдерімен талқылау, іске асыру үшін барлық мүмкіндік жасалды», – деді Мақсат Қиқымов.
Бұдан бөлек Ұлттық палата өкілі өңірдегі бизнеспен кездесіп, олардың сұраныстарын зерделейтінін атап өтті. Сондай-ақ, ол премьер-министрдің тапсырмасымен «Атамекен» ұсынған кәсіпкерліктің проблемалары аптасына 2 рет талқыланатынын және ерекше бақылауда екенін айтты.
«Бизнесті мемлекеттік реттеуді жетілдіру мақсатында Ұлттық палата қолданыстағы заңнамалық актілерді жүйелі реформалау жұмысына белсенді қатысады. Бүгінгідей кездесулер бизнес үшін өте маңызды. Әсіресе кәсіпкерліктегі түйткілді мәселені шешуде мемлекеттік органдармен нақты өзара іс-қимыл механизмін жасауға мүмкіндік береді», – деді Ұлттық палата өкілі.
Түркістандық кәсіпкерлер Ұлттық палата жұмысындағы жаңа тәсілдерді қолдады. Сонымен қатар, кәсіпкерлер өңірдегі бизнестің проблемаларын жеткізді. Олардың көбі мына бағыттарға қатысты болды:
- Арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының жер учаскелерін сатып алу мәселесі;
- Колледждерді сенімгерлік басқаруға беру;
- Түркістан индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорындардың мәселелері;
- Түркістан қаласында қолөнершілер орталығының болмауы;
- Өзбекстан Республикасының аумағында орналасқан қоқыс полигоны;
- Сарыағаш ауданының санаторий-курорттық ұйымдарының қызметіне әсері;
- Түркістан облысындағы мақта өсіру мәселелері.
Аталған мәселелерді «Атамекен» ҰКП және Түркістан облысының әкімдігінің сарапшылары пысықтауға алды. Жүйелі мәселелер шешілуі үшін мемлекеттік органдар деңгейінде көтеріледі.
Тараптар бірлескен жобалар мен форумдар, конференциялар, тренингтер сынды жалпы іс-шараларды ұйымдастыру жолымен кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін тұрақты кездесулер өткізу туралы уағдаласты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: