astana-view

Шекара маңындағы өңірлер: бизнестегі проблемалар мен мүмкіндіктер

2022 жылғы 11 Тамыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
11939 просмотров

Ресейдегі экономикалық тұрақсыздық пен валюта бағамының құбылуынан туындаған проблемаларды алғашқылардың бірі болып СҚО кәсіпорындары сезінді. Сонымен қатар, қалыптасқан жағдай шекара маңындағы бизнес алдында өндірісті кеңейту және серпінді даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов пен СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өңірге сапары барысында  жергілікті өндірушілермен осы мүмкіндікке қажетті факторларды талқылады.

Солтүстік Қазақстан облысындағы негізгі кәсіп – ауыл шаруашылығы. Сондықтан агроөнеркәсіп кешеніндегі саясаттың өзгеруі жергілікті кәсіпкерлердің ерекше қызығушылығын тудырады. «Атамекен» ҰКП өкілдерінің өңірге сапары барысында ауыл шаруашылығы өндірушілерінің проблемалары, субсидиялау саясатындағы өзгерістер, экспорттық әлеуетті іске асыру мүмкіндіктері қызу талқыланды.

Жергілікті  «Экомол-Сергеевка» – сүт өнімдерін қайта өңдеу және өндірумен айналысатын шағын кәсіпорын. Осы старт-ап жоба 2019 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы көмегімен іске асқан. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік бағдарлама бойынша қаржыландыруды үш рет қолданған. Зауыт алғаш рет 20 млн теңге сомасына қаржыландырылды. Содан кейін 2020 жылы қаржыландыру көлемі 40 млн теңгені және 2021 жылы 30 млн теңгені құрады. Барлық қаражат жобаны іске асыруға және жабдықтарды жаңартуға жұмсалды.

 «Біз жұмысты тәулігіне 3 тонна сүтті өндіруден бастадық, кейін жеткізушілеріміздің санын көбейте бастадық. Биыл сүтті қабылдаудың тәуіліктік көлемі 12 тоннаға дейін барады. Қазіргі кезде бізде шикізатты жеткізетін 30-35 серіктес бар. Біз өнімді Петропавл мен СҚО-да ғана емес, Орал мен Ақмола облыстарына да өткіземіз. 2021 жылы біз Татарстанға экспортқа шықтық – Қазан қаласына 20 тонна май жөнелттік», – деді «Экомол-Сергеевка» ЖШС бас директоры Альбина Рашитова.

 Кәсіпорын жылына 360 тоннаға дейін пастерленген 3,2% ауыз сүт, майлылығы 82,5%-ды құрайтын 50 тонна тәтті-сары май, 5% майлылықта 112,3 тонна сүзбе  және 55,8 тонна майсыз сүзбе өндіреді. Кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайта отырып, одан әрі дамуға дайын. Бірақ әзірге бұл үшін шикізат жетіспейді, өйткені нарықта бай тәжірибесі бар ірі зауыттармен бәсекеге түсу оңай емес.   

«Кәсіпорын жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ете отырып, шикізат мәселесін шешеді. Бұл бір өндірістің іске қосылуы ШОБ 2.0 қағидаты бойынша өңірдегі басқа кәсіпорындардың дамуына ықпал ететін мысалдардың бірі», – деп атап өтті СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов.

 Өңірдің үш жетекші өнеркәсіптік кәсіпорны – «Солтүстік фанера комбинаты», «Петропавл электр техникалық зауыты» трансформатор зауыты және «Радуга» қағаз өнімдерін өндіру зауыты Ұлттық палата назарына кездейсоқ ілінген жоқ. Қазіргі геосаяси жағдайдағы қиындықтар мен шектеулерге қарамастан, кәсіпорындар импортты алмастыру процесіне белсенді қатысып қана қоймай, өндірісті кеңейту мүмкіндіктерін де қарастыруда.

 «Солтүстік фанера комбинаты» өткен жылдың басында іске қосылды. Фанера комбинаты өз өндірісімен елдегі импорттың 22 пайызына дейін қамтамасыз ете алады. Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 30 мың текше метрден астам ламинатталған фанера өндіру. Зауыт ең заманауи жоғары дәлдікті жабдықтармен жабдықталған. Жобаның жалпы құны төрт миллиард теңгеден астам қаражатты құрады.

 Зауыт басшысы Оғызхан Челиктің айтуынша, өндіріс қуаты Қазақстанның ішкі қажеттілігін жауып қана қоймай, Ресей мен Өзбекстан нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін екінші цехты іске қосу жоспарланған.

«Қазір өндірісті кеңейтудің уақыты келді. Ресейдің ірі қалаларына жақын орналасқандықтан біз санкциялар салдарынан босатылған нишаларды оңай иемденіп, көршілес аймақтарда – Ресейдің Омбы, Тюмень және Қорған облыстарында фанера өнімдеріне сұранысты толтыра аламыз», – дейді зауыт директоры.

 Сонымен қатар, көрші мемлекеттегі жағдай қазірдің өзінде зауытқа толық қуатқа қол жеткізуге мүмкіндік бермейді – кәсіпорын ара-тұра шикізатпен байланысты проблемаларға тап болады.

«Шикізат ретінде біз Ресей мен Қазақстаннан 100% қайың шпонын пайдаланамыз. Қазір біз өндірісті кеңейтіп жатырмыз, бірақ өкінішке қарай, шикізатпен проблемалар салдарынан біз кәсіпорынның әлеуетін толық іске асыра алатынымызға сеніміміз жоқ», – дейді Оғызхан Челик.

 Ұлттық палата үшін  «Солтүстік фанера комбинаты» ЖШС-ның жағдайы дағдарысты өсу нүктесіне айналдыра алған шекаралық кәсіпорынның табысты әрі үлгілі кейсі.

 «Фанера комбинатының үлгісінде біз даму әлеуеті зор табысты кәсіпорын жұмысын көріп отырмыз. Қазір геосаяси жағдай өндірісті кеңейтуге және экспортқа шығуға мүмкіндік береді. Сондықтан біз Палата ретінде осы мүмкіндіктерді іске асыру үшін мәселелерді шешуге толық көлемде қосылуға дайынбыз», –деп атап өтті ҰКП басшысы Райымбек Баталов.

Жоғары әлеуеті бар тағы бір жергілікті өндіруші – «Alageum Electric» электр техникалық зауыты да өткен жылы іске қосылды. Кәсіпорын бастапқыда экспортқа бағдарланған – шығарылатын өнімнің 98%-ын ТМД елдеріне өткізеді. Кәсіпорын қуаттылығы 2,5 кВА-дан 2 500 кВА-ға дейінгі трансформаторлар мен шкаф құрылымдарын шығарады. Зауытта жылына 13 мыңнан астам трансформатор өндіріледі, ал жақын арада бұл көрсеткішті 14 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

 Сонымен қатара ҰКП өкілдері «Радуга» қағаз өнімдерін өндіру зауытына барды. Бұл кәсіпорын импортты алмастыру мақсатында ашылған. Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрады, оның 1,36 млрд теңгесі кәсіпорынға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несие ретінде берілді. Бизнес-жобаны іске асыруға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау ықпал етті – сыйақының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 71 млн теңге бөлінді, ал 680 млн теңге сомасына кепілдендіруді «Даму» қоры қамтамасыз етті.

Кәсіпорын жылына  5 мың тоннаға дейін дайын өнім – сүлгілер, кеңсе және гигиеналық қағазды шығаруды жоспарлаған. Бұл өнімдер қазір өңірге және тұтастай елге Ресейден және басқа республикалардан жаппай импортталып жатыр. Әзірге кәсіпорынның өндірістік қуаты ел импортының тек 16%-ын ғана жабады.

 Зауыт мамандары Райымбек Баталовқа проблемалар туралы айтты. Негізгі мәселелер – қаржыландырудағы қиындықтар: кәсіпорынның толыққанды дамуына мүмкіндік бермейтін несиелер бойынша жоғары мөлшерлемелер, сондай-ақ бірінші сатыдағы сот пен облыстық соттың шешімі бойынша өндіріп алынған инвестсубсидияларды қайтару.

«Біз осы шекара маңындағы бірегей кәсіпорындарын дамыту үшін негізгі аспектілерді: инвестициялық мүмкіндіктер, әкімдік тарапынан қолдау шараларын пысықтау және өндірісті кеңейту мен экспортқа шығуды іске асыру бөлігінде қажеттінің бәрін бақылауда ұстайтын боламыз», – деп уәде берді Райымбек Баталов.

Облысты аралау кезінде өңірдің орасан зор туристік әлеуетін айналып өту мүмкін болмады. Шалқар-Имантау курорттық аймағы – республикалық маңызы бар туристік аумақтардың ТОП-10 құрамына кірді. Алайда, туристік әлеуетті жүзеге асыруға кедергі келтіретін проблемалар әлі де шешілмеген: нашар жолдар, интернет пен ұялы байланыстың тұрақты болмауы, қоқыс полигондарының қарастырылмауы. Ұлттық палата бұл мәселелерді жергілікті билік үшін тезірек шешу – отандық саяхатшылардың үлкен ағынын тартуға мүмкіндік береді, сонымен қатар көршілес мемлекеттегі геосаяси жағдай Солтүстік Қазақстанның курорттық аймақтарына шетелдік туристердің назарын аударады деп санайды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер