astana-view

Медициналық ұйымдарға МӘМС жүйесіне қатысуға мүмкіндік бермеген әкімшілік кедергі жойылды – Ұлттық палата

2022 жылғы 24 Тамыз
5973 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық сақтандыру қорының дерекқорына енгізу үшін өңірлік перспективалық жоспарға медициналық ұйымдарды міндетті түрде алдын ала енгізу талабын алып тастады. Ұлттық палата осы норманы жою қажеттілігі туралы мәселені денсаулық сақтау министрлігі мен Үкімет деңгейінде бірнеше рет көтерді.

 Мемлекет кепілдік берген медициналық көмек шеңберінде және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде клиникалардың тегін қызмет көрсетуіне кедергі келтіретін нормаға байланысты бюрократиялық әуре-сарсаң мен артық әкімшілік кедергілерге қатысты ҰКП-ға көп шағым түскен. Жеке секторының көптеген өкілдері – жеке клиникалар, санаторийлер, диализ орталықтары мәселені шешіп беруді сұрады. Айта кетейік, бұл норманы қабылдау кезінде мемлекеттік орган ҰКП-мен келіскен жоқ.

«Бұйрық жобасы ҚР ҰКП қорытындысын алуға түскен кезде бұл тармақ болмаған, сәйкесінше кәсіпкерлік қоғамдастықтың талқылауына жіберілген жоқ. Нормаға реттеушлік әсерді талдау да жүргізілмеді. Ал медициналық ұйымдарды өңірлік перспективалық жоспарға енгізу регламенті болмағандықтан, кейбір өңірлерде медициналық ұйымдар жылдар бойы ӘМСҚ базасына кіре алмады. Бұл оларға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қызмет көрсетуге қатысуға мүмкіндік берер еді. Денсаулық сақтау министрлігінің бізді естіп, норманы алып тастағанына қуаныштымыз», – деді «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры – медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдрахманова.

 ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 18.08.2022 жылғы №86 бұйрығы медициналық ұйымдарды медициналық сақтандыру қорының дерекқорына енгізу үшін өңірлік перспективалық жоспарға міндетті алдын ала енгізу талабын жойды. Өзгеріс бүгін жарияланды және 10 күнтізбелік күн өткеннен кейін күшіне енеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер