astana-view

Күзет ұйымдарының қауымдастығы 20 жылдығын атап өтті

2022 жылғы 09 Қыркүйек
- Алматы қаласы
9644 просмотров

Алматыда Қазақстан Республикасының күзет ұйымдары қауымдастығының 20 жылдығына орай қауымдастық мүшелерінің есеп беру-сайлау жиналысы өтті.

Жиынға «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов, күзет агенттіктері,  ұйымдары, мемлекеттік органдар, Алматы бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы күзет ұйымдары қауымдастығының президенті Анатолий Калинин өз сөзінде Қауымдастық қызметі туралы айта келе, күзет индустриясының қоғамдағы әлеуметтік маңызын атап өтті.

«Жеке күзет қызметі ел өміріне нық кірді және азаматтар, бизнес мүддесін сенімді қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл күштер 420 мың объектіні, оның ішінде кәсіпкерлік объектілер, үйлер, пәтерлердің күзетін қамтамасыз етеді. Жеке күзеттің қатысуынсыз елімізде бірде-бір ауқымды қоғамдық, саяси, спорттық іс-шара өтпейді», – деді Анатолий Калинин.

Қауымдастық президентінің айтуынша, Қазақстанда 2 777 жеке күзет ұйымы бар. Олардың 535 филиалы бар, онда 96 мыңға дейін күзетші жұмыс істейді. Бұдан басқа, 973 субъект күзеттің техникалық құралдарын монтаждау, оларға қызмет көрсетумен айналысады.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов өз сөзінде қауымдастықтың «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен көпжылдық тығыз ынтымақтастығын атап өтті.

 «Палата жеке күзеттің кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды. Кәсіпкерлерді мүліктік және жеке қорғау бизнесті дамытуға, Қазақстанға жаңа инвестициялар тартуға, ел азаматтары үшін жаңа әлеуметтік мүмкіндіктер жасауға, олардың материалдық өмірін жақсартуға сенімділікті қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде 95 мың күзетші –  полицияның жеке құрамымен салыстыруға болатын айбынды күш», – деді Мақсат Кикимов.

 Спикер тікелей күзет қызметінен басқа, күзет бизнесі әлеуметтік ауыртпалықты да көтеретінін, олардың артында отбасы, бала-шағасы тұрған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Алматыда орын алған қаңтардағы оқиғалар кезінде күзет агенттіктерінің күш-жігері мен кәсібилігінің арқасында көптеген бизнес-нысан қорғалып, қаладағы тәртіп сақталды», – деді Мақсат Қиқымов.

Ресми деректер бойынша, жыл сайын 500-ге жуық қылмыс, 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық жеке күзет ұйымдарының қатысуымен ашылады. Күзет ұйымдары 2 мыңнан астам ұрлықтың алдын алады.

Жиын барысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының атынан ҰКП төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов қауымдастықтың  дамуына сүбелі үлес қосқан күзет ұйымдарының бірқатар өкілін алғыс хаттармен марапаттады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер