astana-view

Ұлттық палата күнбағыс тұқымы мен майын экспорттауға шектеу қоймауды ұсынды

2022 жылғы 07 Қазан
9053 просмотров

Ведомствоаралық комиссияның отырысында Қазақстан Республикасының аумағынан күнбағыс тұқымы мен майын экспорттауға шектеу шаралары талқыланды. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов осы мәселеге қатысты кәсіпкерлердің позициясын жеткізді.

 «Күнбағыс тұқымының бағасы бұрын тоннасына 240 мың теңгені құраған, қазір тоннасы 210 мың теңгеге сатылып, баға төмендеуін жалғастырып жатыр. Егер импорттық өніммен салыстыратын болсақ, онда ресейлік тұқым 185 мың теңгеге сатылады. Қазақстанда жоғары өнімділікке қарамастан, Ресеймен айтарлықтай бәсекелестік қызып тұр. Арзан күнбағыс тұқымы бізге көршілерден көп келеді деген алаңдаушылық бар. Мәселен, өткен жылы күнбағыс өнімі 1,1 млн тоннаны құрады, биыл 1,3 млн тонна. Ресей Федерациясында өнімнің артуына байланысты осындай жағдай байқалады», – деді Тимур Жаркенов.

 Сонымен қатара Ұлттық палатаның өкілі  фермерлердің тауар өндіруге жұмсаған шығындарына тоқталды. Спикердің айтуынша, күнбағыс тұқымының құны 2021 жылмен салыстырғанда тоннасына 120 мың теңгеден 180-185 мың теңгеге дейін өсті. Бұл техника, жанармай, қосалқы бөлшектер, агрохимия бағасының орта есеппен 50%-ға өсуіненен қымбаттады. Көршілермен бәсекелестікке байланысты кәсіпкерлердің өнімі артығымен жиналып қалуы мүмкін. Сол себепті қазір күнбағыс тұқымы мен күнбағыс майын сыртқа шығаруға шектеу мерзімін ұзартпау ұсынылды.

 «Азық-түлік қауіпсіздігі үшін жағдайды бақылау қажет. Мысалы, кәсіпкерлердің бидай мәселесіне қатысты алаңдаушылығы болатынын атап өткім келеді. Бидайдың өзіндік құны 120 мың теңгеге дейін болған кезде елде баға 120 мың теңгеге дейін төмендеді, яғни өзіндік құны өнімді сату бағасына тең болды. Ресейлік астық бізге 110 мың теңге бағада келеді. Оның себебі белгілі», – деп атап өтті сарапшы.

ҰКП  өкілінің сөзінше, экспорттық реттеу, соның ішінде экспорттық кедендік баж түріндегі тарифтік шараларды енгізу ішкі баға белгілеуге де кері әсерін тигізеді. Экспорттаушылар сатып алу бағасын төмендете отырып, баж шығынын импорттаушылардың, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің есебінен өндіріп алуға мәжбүр болады.

Жыл соңына дейін фермерлер Аграрлық несие корпорациясы мен басқа қаржы институттары алдындағы көктемгі егіс жұмыстарына алған қысқа мерзімді қарызын жабуы, сондай-ақ келесі маусымға қаражат салуы керек. Сондықтан диқандардың басты мақсаты – өсірілген өнім үшін лайықты баға алу. Логистика проблемасын: вагондардың тапшылығы, ҚТЖ-ның ҚХР бағытында өтінімдерді қабылдауға тыйым салуы, вагондардың қозғалу жылдамдығының төмендігін ескерсек, күнбағыс тұқымын үлкен көлемін экспорттау қаупі аз.

Осыған байланысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары күнбағыс тұқымы мен күнбағыс майын әкетуге шектеу енгізбеуді, фитосанитариялық сертификаттар арқылы күнбағыс экспортына мониторинг жүргізуді, яғни ішкі қамтамасыз ету үшін қорлардың ең төменгі деңгейін белгілей отырып, күнбағыс тұқымы мен  майының еркін нарықтық саудасын қамтамасыз етуді ұсынады. Осы шараларға қол жеткізген кезде экспортты реттеуді күшейтуге болады.

Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша күнбағыс тұқымы мен майын экспорттауға көлемдік шектеуді ұзартпау және экспорттың бұрынғы көлемі асып кеткен жағдайда экспорттық кедендік баждарды белгілеу мәселесін пысықтау туралы шешім шығарылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер