Төтенше жағдайлар министрілігінің сатып алуында бәсекелестік шектелген – Ұлттық палата
ТЖМ жүйесінде сатып алу кезінде бәсекелестікті шектеу мәселесі «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде талқыланды.
Қазіргі кезде министрлік әкімдіктермен бірлесіп облыс және аудан орталықтарында халықты ақпараттандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жүйелер электр сиреналары мен дабылмен құлақтандыру құралдарын іске қосуды қамтуы тиіс және төтенше жағдайлар кезінде халықты уақтылы ақпараттандыру және хабардар ету үшін қарастырылуы керек.
Мемлекеттік бағдарламада осы мақсаттарға 19,9 млрд теңге қарастырылған. Еліміздің барлық елдімекенін, соның ішінде 2352 ауылдық округті құлақтандыру жүйесімен қамту көзделіп отыр. Ескерту жүйелерін сатып алу 2015 жылдан бастап жүргізіледі.
Кәсіпкер Меруерт Cергееваның айтуынша, мемлекеттік сатып аулдың барлық дерлік байқауын бір ғана компания жеңіп алады.
«Бұл 2021 жылы ТЖМ осы өндірушінің құлақтандыру жүйесін басқарудың республикалық пультін орнатқанымен байланысты. ТЖМ жаңадан енгізілетін жабдықты орнату, күтіп-ұстау жұмыстарын осы өндірушімен іске асыру бойынша міндетті талап қойды. Өндіруші болса бұдан бас тартады немесе сүйемелдеу хаттамалары үшін қосымша қомақты ақы талап етеді», – деп хабарлады Меруерт Сергеева.
Хабарландыру жүйесін орталықтандыруға жауапты ТЖМ мәселені шешуден бас тартты. Коммерциялық ұйымдар арасындағы келіссөздер арқылы осы мәселелерді шешу ұсыныстарымен ғана шектелді.
«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменовтің айтуынша, осы іс-қимылдардың нәтижесінде құлақтандыру жүйесін енгізу кезіндегі бәсекелестік әділдік қағидатынан айырылып, адал бәсекелестік қағидаларын бұзады.
«Нәтижесінде Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жергілікті атқарушы органдар сатып алған басқа фирма шығаратын жабдықты пайдалануға беруге болмайды», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.
Қазірдің өзінде орын алған ситуация салдарынан мемлекет пен бизнес арасында сот даулары басталған. Өйткені лауазымды тұлғалардың ұсынымдары бойынша басқа өндірушілерден құлақтандыру жүйелерін қабылдау актілері жасалмайды. Кәсіпкерлер алдында жұмыстардың орындалмауына байланысты кәсібін адал жүргізбейтін жеткізушілер тізіміне енгізу қаупі туындады. Сонымен қатар, мемлекеттік орган жасанды түрде енгізген монополия жалғыз жеткізушінің жабдық құнының екі есеге өсуіне әкелді.
«ТЖМ міндеттеріне республикалық құлақтандыру жүйесін құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оны жарақтандыру және дамыту кіретінін атап өткен жөн. Бұл функцияларды коммерциялық ұйымға беру халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болуына әкеп соғады», - деп атап өтті Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес облыстық, қалалық және аудандық құлақтандыру жүйелерін республикалық пультпен біріктіру мақсатында республикалық пультті ұштастыру хаттамаларын құлақтандыру жүйелерін белгілеу кезінде жергілікті атқарушы органдарға кедергісіз ұсынуды, ал техникалық ерекшелікке қажетті өзгерістер енгізуді ұсынды.
Бұдан басқа, Министрліктің аумақтық департаменттерін жергілікті атқарушы органдар сатып алған құлақтандыру жүйелерінің мақсаты мен техникалық сипаттамалары бойынша пайдалануға жарамдылығының объективті деректеріне ғана негізделе отырып, құлақтандыру жүйелерін пайдалануға қабылдау кезінде нақты заңды тұлғалардың мүддесін күйттеу фактілерін болдырмауға бағдарлау, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу фактілеріне қызметтік тергеу жүргізу ұсынылды. Кәсіпкерлерді республикалық құлақтандыру басқару пультімен ұштаспаған құлақтандыру жүйелерінің жабдықтарын жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы сот талқылауларына бастамашылық етудің негізсіз практикасының жолын кесу ұсынылды.
Кеңес сонымен қатар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізуге бастамашылық жасауды ұсынды. Оның нәтижелері туралы 2022 жылғы 1 қарашаға дейінгі мерзімде хабардар ету қажеттігі белгіленді. Кеңес материалдары ҚР Президентінің Әкімшілігі, Үкімет және Бас прокурорға жіберілетін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: