astana-view

Өңір басшысы жергілікті шаруалармен кездесті

2022 жылғы 08 Қазан
- Ақтөбе облысы
5711 просмотров

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Кездесу «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында өтті.

Кездесудің модераторы ӨКП директоры Дана Бекбауова болды.

Шара барысында облыс әкімі шаруа қожалықтарының басшыларын жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын қолдауға шақырды. Бағдарлама осы айда басталады. Жеңілдетілген несиелендіру бойынша бірінші транш 3 млрд теңгені құрамақ. Жобаға қатысатын жеке қосалқы шаруашылықтар құрылтайшы ретінде кооперативтерге бірігеді. Бұл ауылшаруашылық техникасын сатып алу үшін 50 пайызға дейін субсидия алуға және өнімді өткізу процесін жүйелеуге мүмкіндік береді.

«3 миллиард теңге - бұл бастамасы ғана. Жоба Мемлекет басшысының халықтың табысын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешу. Бірде-бір орта, тіпті ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілері ауылдағы жұмыссыздық мәселесін толық шеше алмайды. Сондықтан біз жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуымыз керек. Осы жиынға қатысып отырған барлық шаруа қожалықтары ауылдың мәселелеріне бей-жай қарамайтындарыңызға сенімдімін. Сондықтан осы маңызды жобаға қатысу және дамыту жөніндегі бастамаларыңызды толық қолдаймын», – деді Ералы Тоғжанов.

Кездесу еркін сұхбат түрінде өтті. Шаруалар мемлекеттік органдар деңгейінде шешуді қажет ететін ең өзекті және жүйелі проблемаларды көтерді.

Мәселен, «Ақтөбе фермерлік орталығы бірлестігі» ЗТБ төрағасы Марлен Баймағамбетов мал шаруашылығында жем-шөп құнын арзандату шығындарын субсидиялауды жалғастыру қажет деп санайды. Оның айтуынша, соңғы жылдары мал басының көбеюінің оң үрдісі байқалуда. Дегенмен мемлекеттік қолдаудың болмауы саланы тоқырауға алып келуі мүмкін.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сатылымын қолдау мақсатында қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылардың бірінші кезекте жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу мәселесін шешу қажеттігі айтылды. Ал жас мамандарды салаға тарту мақсатында орта және жоғары оқу орындарының түлектеріне еңбек қызметін ауыл шаруашылығы саласында міндетті түрде жүзеге асыру бойынша үлгілік шарттарға өзгерістер енгізу мүмкіндігі қарастырылады.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына арналған бос жерлердің жоқтығы, білікті мал дәрігерлерінің тапшылығы, әр ауданда қайта өңдеу кәсіпорындарының болуы туралы мәселелер де айтылды.

«Ақтөбе фермерлік орталығы» қауымдастығы алдағы 10 жылға ауыл шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеп, бекітуді ұсынды.

Аймақ басшысы жиында көтерілген сұрақтардың барлығынан хабардар екенін, жергілікті атқарушы органдардың шаруа қожалықтарына қолдау көрсететінін атап өтті.

«Бірақ сіз айтқан мәселелерді шешу үшін нақты ұсыныстар қажет. Мемлекеттік органдар және сіздің тарапыңыздан өзара жауапкершілік болуы керек», - деді Ералы Тоғжанов.

Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Енді аймақ басшысы мен ақтөбелік фермерлердің кездесуі тоқсан сайын өткізілетін болады. Сонымен қатар, бүгін айтылған мәселелер дүйсенбі күні «Ақтөбе фермерлік орталығы бірлестігі» ЗТБ өкілдерінің қатысуымен өтетін аппарат жиынында толығырақ қарастырылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер