astana-view

Жаңа салық кодексі бизнеске қалай әсер етуі мүмкін?

2022 жылғы 11 Қазан
9620 просмотров

Сарапшылар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері жаңа Салық кодексінен қандай өзгеріс күтеді, қандай ұсыныстары барын айтты. «Атамекен» ҰКП-ның  Facebook парақшасындағы тікелей эфир барысында Мемлекет басшысы атап өткен салық саясаты мәселелеріне назар аударуды талап ететін негізгі бағыттар талқылады.

 Кездесуді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов ашып, ел Президентінің салық мәселелеріне баса назар аударуы – бүкіл бизнес үшін маңызды белгі екенін атап өтті.

  «Қазіргі кезде мемлекет кәсіпкерлік мәселелеріне баса назар аударуға дайын. Бізге отандық бизнестің дамуына кедергі келтіріп жатқан кедергілер мен мәселелерді жеткізу үшін осы мүмкіндікті пайдалану керек», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.

 Максим Барышев маңызды құжатқа өзгеріс енгізбестен бұрын барлық салық пен басқа да міндетті төлемдерге талдау жүргізіп, салық төлеушілер кім және салықтар қалай әкімшіліктендіріліп жатқанын анықтап алу керек деп санайды.

 «Әкімшіліктендіруі өзінен қымбат салықтар бар», – деді Максим Барышев.

 Сарапшының пікірінше, салықтар мен басқа да міндетті төлемдер санын қысқарту қажет. Бұдан басқа маман салықтық кэшбэкті енгізуді ұсынды. Осылайша кәсіпкерлер өзінің әр фискалды чегі үшін салық әмиянына бонус жинайды да, оның есебінен басқа салықтарын төлей алады.

 Бизнестен түскен тағы бір ұсыныс – 6 төлем түрін бірыңғай салыққа біріктіру.

 «Төлейтін салығы әр түрлі азаматтардың түрлі санатын салық мөлшерлемелері бойынша бір санатқа біріктіру керек. Ал салық төлеудегі ақшалай айырмашылығын әр санат кэшбэк түрінде картасына алып отырар еді», – деді Максим Барышев.

«Қазақстан салық консультанттарының қауымдастығы» өзін-өзі басқарушы ұйым» ЖК және ЗТБ басқарма төрағасы Сәкен Қарин салықтық әкімшілендіру проблемасын көтерді.

 «Салық кодексінде салық төлеушінің адалдық қағидаты көзделген. Кәсіпкердің адалдық презумпциясы Кәсіпкерлік кодексте де бар. Қазіргі кезде салықтық бақылаудың бүкіл жүйесі, атап айтқанда, салық төлеуші өзінің адалдығын дәлелдеуіне негізделген. 2020 жылы пандемия кезінде кәсіпкерлерге 240 мыңнан астам камералдық бақылау хабарламасы жіберілгенін статистика көрсетті. Олардың жартысы түсіндірмемен қайтарылды, яғни іс жүзінде салық төлеуші заңды бұзған жоқ», – деді сарапшы.

Спикердің пікірінше, бұл мәселені тәуекелдерді басқару жүйесін жақсарту арқылы шешуге болады.

«Бұл жүйе жиі сынға ұшырайтыны жасырын емес. Деректер көп жағдайда құпия әрі кәсіпкерлік кодекстің нормаларына қайшы келеді. Жүйені пысықтап, жұмысқа кәсіби аудиторлар, адвокаттар, салық кеңесшілерін тарту қажет. Сонда салық органдарымен даулар аз болады, ал салық міндеттемелерін орындау сапасы артады», – деп атап өтті Сәкен Қарин.

Рестораторлар жаңа кодексте тамақтану саласы қосылған құн салығынан босайды деп үміттенеді. «ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығы» төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың айтуынша, рестораторларда кірісі ҚҚС жоқ және ҚҚС сатылымдардан түскен салық ретінде аударылады. Осындай жағдайда кәсіпкерлер бір ғана жол – баға көтеруге мәжбүр.

«Экономикалық жағдай жақсарып жатқан жоқ, сондықтан біз бизнесті бөлшектеуді бастаймыз. Егер бұрын бізде бір мейрамханаға екі-үшін заңды тұлға ретінде тіркеу болса, қазір бұл сан еселене түсті. Заңды тұлғалардың кірісі мен шығысын реттейтін бухгалетрлер саны да артты», – деп атап өтті спикер.

 «Астана-Нан» ЖШС бас директоры Ырысбек Исаев кәсіпкерлерге көп жағдайда бәсекелестермен емес, заңнама талаптарымен күресуге тура келетінін атап өтті. Мысалы, нарықта пестицидтер өндіру саласында 5 зауыттың орнына 2 зауыт қалды, бұл ретте кәсіпкерлер үнемі салық төлейді, бірақ қолдау көрмейді.

«Биыл бізге фермерлер көмекке жүгінді. Олардың импортаушы серіктестері қиындықтар орын алды деп міндеттемелерін орындамаған. Біз қиындықтар мен шикізат түріндегі қосымша жүктемеге қарамастан өндірісті 80 пайызға ұлғайттық, қосымша қызметкерлерді жұмысқа алдық. Бірақ мемлекет тағы да импортталатын пестицидтерге субсидия енгізіп, отандық өндірісті елемей жатыр», – деді спикер.

Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті  Әлихан Талғатбек шикізат пен дайын өнім бойынша сараланған қайтарылатын ҚҚС-ті қайта енгізуді ұсынды.

 «Елде өндірілетін шикізатты қайта өңдеуді ынтыландыру және өңделген өнімді экспорттау үшін бұл ыңғайлы әрі тиімді құрал. Өкінішке қарай мұндай мүмкіндік қолданыстағы кодексте қарастырылмаған. Елден шикізат арзанға кетіп жатқанын айтып жатқанымызға 5-6 жыл болды. Қазіргі кезде экономика шикізатты экспорттау тиімді болатындай құрылған», – деді спикер.

Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің директоры Марина Бошель микробизнестің тартымсыз кәсіп болып қалғанын атап өтті.

«Егер кәсіпкер өз табысын есептейтін бастаса, онда кәсіпті тастап, жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту орталығына барып тіркелу оңайырақ болады. Қазір біз шағын дүкендерді сақтап, ҚҚС шегін 30 мың теңгеге дейін арттыруға тырысуымыз керек», – деді спикер.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер