Құрылыс саласындағы кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алудағы демпингке қарсы
1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауында мемлекеттік сатып алу процесін толығымен қайта қарау, тендерде ең төменгі бағаны емес, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын бірінші орынға қоюды тапсырды.
«Атамекен» ҰКП тарапынан құрылыстағы мемлекеттік сатып алу саласына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Ұлттық палатаның алаңында Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы қызмет етеді. Оның жұмысына салалық қауымдастықтар, бизнес субъектілері, уәкілетті мемлекеттік органдар және ҰКП мамандары қатысады.
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Құрылыс және ТКШ комитеті төрағасының м.а. Ирина Манжанованың айтуынша, уәкілетті органмен бірлескен жұмыстың нәтижесінде жұмыс тобы құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жобалауға конкурстық өтінім бағасын төмендетудің рұқсат етілген шегін төмендете алды. Сонымен қатар жеңімпазды анықтаудың негізгі критерийі ретінде төленген салық көрсеткішін алып тастау, орындалған жұмыстар актілеріне авторлық және техникалық қадағалаулармен қол қою мерзімдерін белгілеуге қол жеткізді.
«Атамекен» ҰКП командасы мұнымен тоқтамайды. Ең маңызды мәселелердің бірі – құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуда конкурстық өтінім бағасын төмендету мүмкіндігін болдырмау.
«Бұған дейін Ұлттық палата осы ұсынысты көтерген. Алайда құрылыс-монтаждау жұмыстарына белгіленген шекті 10%-дан 5%-ға дейін, жобалауға 15%-дан 10%-ға дейін төмендетуге қол жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, кәсіпкерлер құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алудағы демпингке қарсылығын білдіреді», – деді Ирина Манжанова орталық мемлекеттік органдармен съез алдындағы жұмыс кездесуінде.
Қазіргі кезде әлеуетті өнім берушілер конкурстық өтінімнің бағасын төмендетуге мәжбүр. Өйткені жеңілдік берілмеген жағдайда байқаудан өтудің одан әрі мүмкіндігі алынып тасталады. Жеңімпазды анықтаудағы басты критерий – баға.
Кәсіпкерлердің өздері де мемлекеттік сатып алу туралы заңды өзектендіру қажеттілігі туралы айтып отыр.
«Қазақстанның республикалық жобалаушылар одағы» өзін-өзі реттейтін ұйым төрағасының орынбасары Мюаш Бисарованың айтуынша, жобалаушылар одағының өкілдері мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына белсенді қатысады және жүйелік сипаттағы, оның ішінде шарт жасалғаннан кейін 30% аванс төлеуді көздейтін жобалау ұйымдарының жұмыстарына ақы төлеудің кезеңдік жүйесін белгілеу мәселелерін көтереді.
«Президент мемлекеттік сатып алуда арзан баға емес, сапаны бірінші орынға қою туралы айттты. Сондықтан біздің квазимемлекеттік сектордағы сатып алуда демпингті алып тастау өтінішіміз елеусіз қалмайды деген ойдамыз. Нақты бағасынан төмен бағада ұсынылған жұмыс сапалы орындалмайды», – деді Мюаш Бисарова кездесу барысында.
Айта кету керек, құрылыс саласындағы конкурстық өтінім бағасын төмендету мүмкіндігін болдырмау мәселесінен басқа, «Атамекен» ҰКП кезең-кезеңімен құрылыс кезінде авансты қайтару мерзімдерін белгілеу және тапсырыс берушінің аванстық қамтамасыз ету, бюджеттік инвестициялық жобалаудың тапсырыс берушілерінің тиімсіз жоспарлауы мен қаржыландыруы және сол үшін тапсырыс берушінің жауапкершілігінің болмауы мәселелерін пысықтайды.
Мемлекеттік сатып алу саласында бизнес көтеретін проблемалардың жиынтық шешімі құрылыс объектілерінің сапасын арттыруға, мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыруға және нарықтың барлық қатысушылары үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: