astana-view

Ауыл бизнесіне арналған несие уақытында берілуі керек

2022 жылғы 22 Қараша
- Қостанай облысы
6956 просмотров

Қостанай облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында «Атамекен Қостанай» микроқаржылық ұйымы» ЖШС арқылы қолжетімді несие беру үшін ақша бөлудің кешігуі, өтінімдерді ұзақ қарау, сондай-ақ бланкілік несие беруден бас тарту мәселелері қаралды.

«Атамекен Қостанай» МҚҰ 2016 жылы Қостанай облысында микро және шағын бизнес үшін қолжетімді микронесие беру үшін құрылды. Осы уақыт ішінде шамамен 3,8 млрд теңге сомаға 795 несие берілді, 376 жаңа кәсіпкерлік субъекті ашылды, 308 қосымша жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, микроқаржылық ұйымы өңірдегі бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға белсенді қатысады. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Еңбек»  және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 1,6 млрд теңгеге 400-ге жуық микронесие  берілді.

«Қостанай облысы бірлескен күш-жігермен Қазақстан бойынша бірінші болып ЖҚЖК бағдарламасы аясында бөлінген несиелік қаражатты игерді, – деп атап өтті «Атамекен Қостанай» МҚҰ директоры Амангелді Бекетаев. – 184 микронесие берілді, оның 147-сі ауылдық жерлердегі жобаларға несие беруге бағытталды. Бірақ маңызды әрі жүйелі проблемалардың бірі – несие қаражатының бюджеттен Аграрлық несие корпорациясына, сәйкесінше бизнеске уақтылы түспеуі. Мысалы, ЖҚЖК 2020-2021 шеңберінде несиелік қаражат 2021 жылдың басында берілуі керек еді. Бірақ, қаражат МҚҰ-ға 2021 жылдың қыркүйегінде ғана түсті. Биылғы жылы тағы да жағдай қайталанды: несие қаражаты мамыр-маусым айларында күтілді, бірақ осы уақытқа дейін олар МҚҰ-ға түскен жоқ. Несиелік қаражаттың уақтылы түспеуі облыстағы бизнес-ортаға теріс әсер етеді.

МҚҰ басшысы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге көктемде ақша қажет екенін айтты. Мал сатып алу, техника немесе гербицидтер сатып алу қажет. Ал күзде немесе қыста, несие қаражаты түскенде, ауылшаруашылық тауар өндірушісі бұл несиенің өзектілігін жоғалтады.

«Біз бланкілік несие ала алмайтындықтан, алдымен өтінімді қарастырамыз, содан кейін оны АНК-да тағы да тексереміз.  Ал бұл қарастыру мерзімін арттырады», – деді Амангелді Бекетаев.

Өз кезегінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Олег Рабченюк үш жыл бойы МҚҰ-ға бланкілік несиелер бергенін, бірақ 2021 жылдан бастап кепілмен қамтамасыз етуді қаржыландыратынын түсіндірді. Енді МҚҰ қызметкерлері жүргізетін сараптамадан басқа, құжаттар АНК-да қаралады және уақыт кешіктіріледі.

«Бюджеттен ақша түсуде проблемалар бар, – деп атап өтті Олег Рабченюк. – АҚ несие комитеті микрокредиттік ұйымның өтінімін әлі қарастырған жоқ. Мүмкін, кепілдерді рәсімдеу және несие шарттарын жасау бірінші желтоқсаннан кейін басталады».

Қостанай облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев палата мен МҚҰ үшін ауылдан келген тұтынушылардың ақшаны уақтылы, әуре-сарсаңсыз, құжаттарды қайта жинамай алуы маңызды екенін атап өтті.

«Келесі жылы өңірге жеңілдетілген несиелеуге қаражат бөлінетін болады және қазірдің өзінде біз қарыз алушылар пулымен жұмыс жасап, құжаттарды дайындауды бастағымыз келеді. Бұл олардың әрқайсысы қажетті қаражатты уақытында алуға арналады», – деп түсіндірді Данияр Күзенбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер