astana-view

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында өзбек тәжірибесі зерделенді

2022 жылғы 29 Қараша
6694 просмотров

Қазақстандық кәсіпкерлер, «Атамекен» ҰКП, мемлекеттік органдар, Қазақстандық тұрғын үй компаниясы, сондай-ақ Қазақстанның алты қаласының (Астана, Алматы, Көкшетау, Қостанай, Өскемен және Ақтау) МИБ және ПИК өкілдері Өзбекстан Республикасына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмыс сапармен барды. Осылайша, елдер тұрғын үй қорын басқару және қызмет көрсету саласында тәжірибе алмасты.

Көрші елге іскерлік сапарды «Шаңырақ» тұрғын үй саласындағы басқару, сервис және энергия сервис субъектілерінің қауымдастығы ұйымдастырды. Қауымдастық – «Promhouse»  Қазақстан мен Өзбекстандағы тұрғын үй қорын басқаруды кәсібилендіру»  жобасының серіктесі.   Өзбекстан тарапынан жобаға Өзбекстанның тұрғын үй қорын кәсіби басқарушылар мен қызмет көрсетушілер ұйымдарының қауымдастығы қатысып жатыр.

Тәжірибе алмасу шеңберінде Өзбекстан Республикасы тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету, жоғары және орта арнаулы білім беру, жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігінің өкілдерімен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ, қазақстандық делегация салалық колледжде болып, Алмалық сәулет-құрылыс техникумы, басқарушы және сервистік компаниялардың қызметімен танысты. Экскурсия барысында қазақстандық тарапқа эконом, комфорт, бизнес және премиум класты жаңа тұрғын үй кешендері таныстырылды.

 Қазақстан кәсіпкерлері Өзбекстанның жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі жанындағы моно орталық жұмысына назар аударды. Онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына мамандарды оқыту жүргізіледі. Оқу бағдарламасын орталық жанындағы әдістемелік кабинет әзірлейді. Ол ағылшын және орыс тілдерін міндетті түрде үйренуді қамтиды. Сонымен қатар, шетелдік компаниялардың тапсырысы бойынша оқу жүрып жатыр. Моноорталыққа барған кезде Англияда жұмыс істеуге дайындықтан 25 адам өтіп жатты. Оқу үшін Түркия, Англия, Ресейден дәріскерлер тартылған.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Құрылыс және жер қатынастары департаментінің сарапшысы Фатима Қалтаеваның айтуынша, Өзбекстан мен Қазақстанның тұрғын үйлерді басқару жүйесі көп жағынан ұқсас,  айырмашылығы да бар.

«Біздің жүйемізден айырмашылығы, Өзбекстанда тұрғын үй кодексі бар, ал басқаруды басқарушы компаниялар жүзеге асырады. Сондай-ақ күрделі жөндеуге жеңілдікпен несиелеу  механизмі бар. Бұл ретте кондоминиум объектісі жоқ, ал ортақ мүліктің тізбесі үйді пайдалануға беру кезінде айқындалады. Осы шаралардың кейбірін біздің елімізде де қолдануға болады», – деп қорытындылады Фатима Қалтаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер