astana-view

Ведомствоаралық комиссия бизнеске екі есе жүктеме салатын түзетуді мақұлдады

2023 жылғы 11 Қаңтар
6622 просмотров

Кәсіпкер мен тұтынушы (Тұтынушылардың қоғамдық бірлестігі атынан) бұзушылықты сотқа дейінгі тәртіппен жоймаса,  кәсіпкер айыппұл төлеуге міндеттелетін болады. «Атамекен» ҰКП сарапшылары бұл мәселеге қатысты теріс қорытынды берді. Бұған қарамастан мемлекеттік органдар Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен өткен ВАК отырысында бұл өзгерістерді құптап, дауыс берді.

Бұл норманы Сауда және интеграция министрлігі ұсынды. Ұлттық палата сарапшыларының айтуынша, бұл норма 2010 жылы жойылған. Енді араға 12 жыл салып, мемлекеттік орган оны қайтарғысы келеді. Ведомство бұл шешімді зерделемей, үстірт қабылдағаны байқалады.

Түзетудің мәні мынада: егер сатушы тұтынушының құқығын бұзып, оны өз еркімен жоюдан және оған келтірілген залалды өтеуден бас тартса, ал сот тұтынушылардың қоғамдық бірлестігінің талабын қанағаттандырса, онда сатушы айыппұл төлейді. Демек, кәсіпкерден осы бірлестіктің пайдасына мүліктік сипаттағы талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің 10-нан 50%-на дейін немесе мүліктік емес сипаттағы талап үшін 5-50 АЕК мөлшерінде айыппұл өндіріледі.

«Атамекен» ҰКП Сауда департаментінің басқарушы директоры Әсет Айтбаевтың айтуынша, ұсынылған өзгерістер жағдайды реттемейді және тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесін шешпейді. Өйткені шағымдар саны төмендемейді.

«Адалдық» немесе «адал емес» деген ұғымның нақты критерийлері жоқ. Осыған байланысты бұл норма сыйбайлас жемқорлық салдарын тудырады, өйткені кез келген қоғамдық бірлестік өзінің ішкі принципі бойынша немесе қалауы бойынша шешім қабылдай алады. Кәсіпкердің біржақты жауапкершілігі ғана қарастырылады. Егер тұтынушы қателессе, негізсіз талаптар қойса, өнім өндірушіге немесе сатушыға жала жапса, енгізіліп отырған түзетуде тұтынушыға жауапкершілік шаралары қарастырылмаған», – деп мәлімдеді Әсет Айтбаев.

Нормаға түзету енгізілсе, шағымды қарау мерзімі ұзарады, өйткені проблема алдымен қоғамдық бірлестікте талқыға салынады. Кейін қажеттілік болса, сот органдыры саралайды. Ал, негізінде көп субъектіге мәселені шешу үшін бірден «келісімге келу» оңай. Ешқандай талқылау немесе сотқа жүгінбей дау шешілуі мүмкін.

Кәсіпкерлер де бұл нормаға бірауыздан қарсылық білдірді. Сарапшылардың пікірінше, кәсібін адал жүргізетін кәсіпкер өзінің кінәсіздігін дәлелдей алмайды. Норманы қоғамдық талқылау барысында қатысушылардың бірі кәсіпкерді сатып алушының улануына байланысты сапасыз йогурт сатты деп айыптады деген мысал келтірді. Бірақ мән-жайды анықтаған кезде талапкердің тағы 11 дүкенге осындай шағым бергені анықталған. Сонымен қатар, өнімнен улануын тұтынушының өнімді дұрыс сақтамау немесе басқа жағдай салдарынан болғанын дәлелдеу іс жүзінде қиын және көп жағдайда мүмкін емес.

Кәсіпкерлер талқылау қорытындысы бойынша осы норманы енгізу орынсыз деген шешім шығарды. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының қоғамдық тамақтану қауымдастығы» ЗТБ балама реттеуші әсер талдауын өткізді.

«Реттеушілік әсерді талдау нәтижелері қолданыстағы реттеуді сақтау тиімдірек және орынды екенін көрсетті. Өйткені ұсынылып отырған өзгерістер көптеген жағымсыз факторға, ең алдымен кәсіпкердің ақшасы Тұтынушылардың қоғамдық бірлестігін негізсіз қаржыландыруды көздейді. Ал мұндай реттеу кезінде проблема мүлдем шешілмейді», – деп атап өтті ҰКП мамандары.

Бизнес-қоғамдастық өкілдері Ұлттық палатамен бірлесіп, реттеу құралын енгізу бойынша ұсыныстар берді:

Туындайтын келіспеушіліктерді толық көлемде реттеуге қабілетті қолданыстағы реттеуді сақтау. «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» ҚР Заңының 42-4-бабының 2-тармағы, сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушының шағымын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының шағымын алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде құжаттамамен негізделген дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті. Бұл құжаттардың көшірмелері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұтынушыға берген жауабына қоса берілуі тиіс.

Ұлттық палата сарапшылары мен кәсіпкерлердің нормаға келіспегеніне қарамастан, мемлекеттік орган өкілдері ВАК отырысында өзгерістерді енгізуді қолдады.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер