astana-view

 Тендерлік рәсімдердің ұзақтығы Атырау облысындағы «жайлы мектеп» жобасының іске асырылуын бұзуы мүмкін

2023 жылғы 16 Қаңтар
- Атырау облысы
7814 просмотров

Бұл мәселе Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған құрылыс комитетінің отырысында қаралды.

Комитеттің төрағасы, Атырау облысы «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ филиалының директоры Эльдар Мұханбетжанов Үкімет өткен жылдың соңында бекіткен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының мақсаттары мен міндеттері туралы айтты.

Жобаны іске асыру қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келетін жаңа білім беру объектілерін салу арқылы апатты мектептер, үш ауысымдық оқу, оқушы орындарының тапшылығына қатысты мәселелерді жоюды көздейді. Жоба үш жылға есептелген: 2023-2025 жылдар. Қаржыландырудың жалпы көлемі – 2.6 трлн. теңге. Бұл қаражатқа ел бойынша 300 жаңа мектеп салынады деп күтілуде.

 «Оқушы орнының тапшылығы Қазақстан бойынша өзекті мәселе. Мысалы, Атырау облысында 14 мың бала мектепке мұқтаж. Бұл көрсеткіш 2026 жылға қарай 58 мыңға өседі деп болжанып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы осы мәселенің шешімі бола алады. Жоба аясында Қазақстан бойынша жаңа 300 мектеп салынбақ. Соның ішінде 12-сі Атырау облысында бой көтереді. Жобаның бас бірыңғай операторы – «Самұрық Қазына Констракшн» АҚ. Бұл ретте мектеп салуға жер учаскелерін беруге және оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы органдар жауапты деген шарт бар. Мынадай мәселе туындайды: «Самұрық Қазына Констракшн» жеңілдетілген шарттар бойынша тендер өткізуді жоспарлап отыр. Өйткені мерзімдері шектеулі. Алайда әкімдіктер сатып алуды «ашық конкурс» тәсілімен жүргізуге мәжбүр, бұл көп уақытты қажет ететіні белгілі. Бұл жайт жобаны іске асыруды баяулатуы мүмкін», – деді Эльдар Мұханбетжанов.

 Жергілікті атқарушы органдар да жобаны белгіленген мерзімде іске асыруға мүдделі. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мереке Зинуллин мәлімдеді.  

 «Жаңа тоғыз мектептің жер учаскелері бойынша құжаттар дайын, қалған үшеуі бойынша – ресімдеу сатысында. Біздің міндетіміз – жұмысты тезірек аяқтап, оқу нысандарын «Самұрық-Қазына Констракшн» балансын беру. Мәселе инфрақұрылымда, атап айтқанда, оларды кім және қалай жүргізетінінде. Егер біз мердігерді ашық конкурс арқылы анықтайтын болсақ, онда уақыт жоқ, өйткені мерзімдер тығыз. Сондықтан біз Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы, «Самұрық-Қазына Констракшн» АҚ-тан көмек сұраймыз. Қысқа мерзімде тендер өткізу үшін арнайы қаулы қажет», – деп атап өтті Мереке Зинуллин.

Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар құрылыс жұмыстарына жергілікті компанияларды тарту және жергілікті өнімдерді пайдалану сияқты мәселелердің маңыздылығын атап өтті. Жаңа нысандарды педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып қалуда, өйткені бүгінгі таңда кадрлар тапшылығы бар.

  Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы мәселені шешуге атсалысады.  Бұл туралы Палата басшысы Нұрлан Сүйінбаев отырыс жұмысын қорытындылай келе мәлімдеді.

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер