astana-view

Жайлы мектеп: жобалау-сметалық құжатын әзірлеуге сатып алу конкурсында бизнестің пікірі ескерілмеді

2023 жылғы 17 Қаңтар
10292 просмотров

«Атамекен» ҰКП 2022 жылдың қазанынан бастап жайлы мектептер салу бойынша жобаны жүргізуге арналған нұсқаулық жобасын әзірлеуге белсенді қатысты. Алайда алдын ала жұмыстар барысында Ұттық палатаның ұсыныстары мен ескертпелері назарға алынбады.  Ал жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеушілерге арналған біліктілік критерийлері жобаның соңғы нұсқасында пайда болды. Нұсқаулық жобасы бизнес-қоғамдастықтың талқылауына жіберілмеді. Ұлттық палата «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қабылдаған шешімдерді қолдамайды. Өйткені онда бизнестің пікірі ескерілмеген.

«Атамекен» ҰКП Сатып алу және жергілікті қамту департаментінің басқарушы директоры Руслан Шоқаевтың айтуынша, палата өкілдері талқылаған нұсқаулық жобасында  35 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын орындауға әлеуетті өнім берушілерді іріктеу бойынша біліктілік талаптары болмаған.

«Ұлттық палата 35 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жобалық ұйымдарға біліктілік критерийлер мәселесін бірнеше рет көтерді. Алайда біліктілік критерийлері «Атамекенге» қайта жолданбады», – деді Руслан Шоқаев.

Бұдан бөлек, сарапшының пікірінше, жобалау-сметалық құжаттары дайын болмаса, байқау құжаттамасына жасалған келісімшарт жобасында белгіленген орындау мерзімдері іс жүзінде орындалмайды.

35 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстарды орындауға мердігерлерді таңдау конкурсын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі бірыңғай оператор – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өзінің ресми сайтында 2023 жылдың 12 қаңтарында жариялады. Қызметтерді сатып алу «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың сатып алу қағидалары негізінде жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл қағидалар Қордың барлық еншілес ұйымына қолданылады және «Samruk-Kazyna Construction» тарапынан жүзеге асырылуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде арнайы әзірленген нұсқаулық орта мектептерді салу және жобалау бойынша кешенді жұмыстарды ерекше тәртіппен сатып алуға қолданылады.

Бұл нұсқаулық «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқармасының шешімімен 2023 жылдың 12 қаңтарында бекітілгенін атап өткен жөн. Алайда оның соңғы нұсқасында бизнес-қоғамдастықтың пікірі ескерілмеді.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер