astana-view

Жаңа муниципалды парк құрудан бас тартсақ, тасымалдау нарығы бәсекеге қабілетті болады

2023 жылғы 09 Ақпан
6647 просмотров

 «Атамекен» ҰКП мамандары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жаңа коммуналдық автобус парктерін құруға тыйым салу жөніндегі ұсынысын қолдайды.  Бұл шара тасымалдау нарығында салауатты бәсекелестікті қалыптастыруға көмектеседі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың қаңтарында әкімдіктердің жеке тасымалдаушылар саны жеткілікті жаңа автопарктер құру тәжірибесін сынға алды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірнеше алаңда, оның ішінде премьер-министр жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесінің алаңында коммуналдық кәсіпорындар тарапынан бәсекелестікті шектеу мәселесін бірнеше рет көтерді.

Жергілікті атқарушы органдар квазимемлекеттік сектор субъектілерін, яғни мемлекеттің қатысу үлесі бар ведомстволық бағынысты парктерді қаржыландырады және әлеуетін нығайтады, бұл жайт тауар нарығындағы бәсекелестікті шектейді.

 «Жеке автобус парктеріне коммуналдық кәсіпорындармен бәсекелесу қиын. Өйткені коммуналдық кәсіпорындарға мемлекеттен қолдау бар: бюджет есебінен жаңа автобустар алынады, субсидия бөлінеді, тиімді маршруттар беріледі. Ал өңірлерде жеке бизнес проблемаларын өзі шешіп, қолдау шараларын іздеуге мәжбүр», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП логистика және тасымалдау департаментінің атқарушы директоры Мұрат Амрин.

 ҚР ИИДМ Үкіметке мемлекеттің қатысу үлесі 50%-дан асатын жаңа автобус парктерін құруға тыйым салуды ұсынды. Қаулы жобасын жария талқылау 21 ақпанда аяқталады (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14401609).

ҰКП саланы дамыту және ресми кедергілерді жою жөніндегі жұмысты жалғастырады, өйткені қоғамдық көліктің қызметі халық пен ел үшін әлеуметтік маңызды бағыт.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер