astana-view

Қазақстан-Украина бизнес форумы онлайн форматта өтті

2023 жылғы 21 Ақпан
6282 просмотров

Дереккөз: kazcic.kz

Бүгін онлайн форматта өткен бизнес форум барысында Қазақстан мен Украинаның кәсіпкерлері өзара сауда мен инвестициялардың көлемін ұлғаюын талқылады.
 

Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, шара бизнес-топтардың іскерлік ынтымақтастықты жандандыруға және одан әрі тереңдетуге қызығушылығы барын растады.

«Қазақстан-Украина бизнес форумы іскерлік белсенділікті қалпына келтіруге серпін беруге және екі ел бизнесі арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі проблемаларына жауап беруге бағытталған», – деді кездесуде «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов. 

Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Кәлетаевтың айтуынша, қиын жағдайларға қарамастан, украиналық және қазақстандық бизнес белсенді ынтымақтасып жатыр.

«Әрине, егер 2012 жылмен салыстырсақ, 2012 жылы біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 5 млрд доллардан асқан. Өткен жылдың 11 айы қорытындысы бойынша сауда айналымы 500 млн доллардан асты. Менің ойымша, бұл жақсы көрсеткіш, 500 млн доллар – бейбіт уақытта да әр елде бола бермейтін сауда айналымы», – деп атап өтті Дархан Кәлетаев.

Қазақстан біз үшін маңызды экономикалық серіктес болып қала береді, дейді украиналықтар. 

«Біз сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға мүдделіміз. Бізде қалыптасқан дәстүрлер бар және жаңа мүмкіндіктер іздеуді жалғастыруымыз керек», – деді Украинаның Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Геннадий Чижиков.

Форум аясында құрылыс, машина жасау, энергетика, тамақ өнеркәсібі және АӨК, логистика және инфрақұрылым, телекоммуникация тақырыптарында алты панельдік сессия өтті.

Украинада энергетикалық инфрақұрылым нысандары қатты зардап шекті, онда орасан зор инвестициялар, соның ішінде ЖЭК жобалары қажет болады, деп атап өтті форум қатысушылары.

Сондай-ақ, украиналық бизнес ҚР аумағында өз кәсіпорындарын көшіру және ҚР-дан тауарларды тікелей жеткізуге мүдде танытты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер