astana-view

Миллиондаған шығынға батқан кәсіпкерлерге мемлекеттік орган тиісті жерін беруге кедергі келтіріп отыр

2023 жылғы 22 Ақпан
- Түркістан облысы
6516 просмотров

Өңірлік палатаға бірнеше кәсіпкерден  жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігіне қатысты арыз-шағымдар түсті. Бизнес өкілдері қызметін жүзеге асыру үшін 100 млн теңгенің техникасын сатып алған, алайда мемлекеттік органдар қызметіне кірісуге негізсіз рұқсат бермей отыр.

«Мега Групп Холдинг», «Samgau Group-2020», «Шымкент Мега Групп» мекемелері орталық уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардан Арыс қаласының аумағында пайдалы қазбаларды барлауға арнайы лицензиялар – рұқсат құжаттар алған. Кен орнында пайдалы қатты қазбалардың қорын анықтап, оны «ОңтүстікҚазЖерҚойнауы» ОҚО өңіраралық геологиялық департаментінің хаттамасымен бекітіп, жер қойнауы қорының бағдарламасына енгізген.

Кәсіпкерлердің ұсынған құжаттары толық әрі заңды болуына байланысты «пайдалы қатты қазбаларды өндіруге лицензия» берілген. Арыс қаласы әкімінің шешімімен бизнес өкілдеріне пайдалы қатты қазбаларды өндіру үшін сұратылған жер учаскесін беру мақұлданып, іс-құжаттар облыстық әкімдікке, жер қатынастары бөліміне жолданған.

Бизнес өкілдері кен орындарын барлауға арнайы техникалар сатып алып, құжаттарды рәсімдеуге, оларды сараптамадан өткізуге әрқайсы 100 млн теңгеден астам жұмсаған.

 

«Басқарма кәсіпкерлерге жер учаскесін беру туралы өтінімін комиссияның қарауына кіргізбей, жер учаскесін табыстау не табыстаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдамай отыр», – деп шағымданды кәсіпкерлер.

 

Сондай-ақ, олардың айтуынша, жер учаскелерін уақытылы бермеуі «пайдалы қатты қазбаларды өндіруге берілген лицензиялардың» мерзімінің өтіп кетуіне, ондағы міндеттемелерді орындауға мүмкін емес жағдайларға әкеп соғады.

Палата Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдерінің, арызданушылардың қатысуымен Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшылығымен іскерлік кездесу ұйымдастырды. Жергілікті атқарушы органның тарапынан кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын шектеу, әкімшілік кедергілер тудыру фактілері орын алып отырғанын ескеріп, мемлекеттік орган мен бизнестің  өзара іскерлік қарым-қатынасын орнатуды қамтамасыз ету, сондай-ақ туындаған мәселені шешу мақсатында проблема Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің қарауына ұсынылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер