astana-view

Маңғыстауда 18 оқу орталығы жұмыссыздарды қайта даярлауда

2023 жылғы 02 Наурыз
- Маңғыстау облысы
9219 просмотров

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы жұмысының бір бағыты – кәсіпкерлерге оқу орталықтарын ашуға көмектесу. Осының негізінде кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы жүзеге асуда.

Қазіргі таңда «Атамекен» ҰКП тізілімінде Маңғыстау облысынан 18 оқу орталығы енгізілген. Оның 8-і кәсіпорындарда, 5-і колледждерде, 4-і дербес және 1-і жоғары оқу орны жанынан ашылып отыр.

Бұл оқу орталықтары өңірдегі жұмыс берушілердің сұранысы бойынша мамандарды даярлауға құқылы. Мұнда жұмыссыз азаматтар үшін тігінші, шаштараз, тырнақ әрлеуші, кассир, мемлекеттік сатып алу, наубайшы, аспаз, кондитер, тәрбиеші, тәрбиеші көмекшісі сияқты 32 мамандық бойынша қысқа мерзімді курстар өткізіледі.

Оқу орталықтары бірқатар талаптарға, оның ішінде тәлімгерлікпен дуальды оқыту элементтерін пайдалану, белгіленген үлгідегі сертификат беру арқылы кәсіптік оқытуды өткізу тәжірибесіне сәйкес келеді. Әрі ұлттық палатаның тізіліміне енгізіледі. Басты талап – орталықтардың базасында оқытылатын тұлғаларды жұмыспен қамту деңгейі 60 пайыздан кем болмауы тиіс.

Жұмыссыз азаматтар қысқа мерзімді оқытуға қатысу үшін Жұмыспен қамту орталығына хабарласуы қажет.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер