astana-view

Жайлы мектеп: Samruk-Kazyna Construction мектептерге қосалқы құрылыс салудағы тәжірибені ескермейді

2023 жылғы 09 Наурыз
8723 просмотров

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ  7 наурызда «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде мектептерді  жобалау және салу бойынша кешенді жұмыстарды сатып алуға өтінімдер қабылдау басталғанын жариялады. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысу үшін бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес құжаттар пакетін ұсынуы тиіс. Бұл ретте әлеуетті жеткізуші, кем дегенде, бір мердігер және бір жобалық компаниядан тұратын консорциум құрамында болуы керек.

Талап бойынша сыйымдылығы 1500-ден 2500-ге дейінгі оқушы орнын жобалау және салуға арналған лоттар бойынша конкурсқа қатысу үшін әлеуетті өнім берушінің бірінші санаттағы құрылыс-монтаждау және жобалау жұмыстарына лицензиясы, кемінде 10 жыл тәжірибесі, білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау саласында іске асырылған әлеуметтік жобалары болуы тиіс.

Конкурста қарастырылған біліктілік талаптары ҰКП алаңында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ және аккредиттелген салалық қауымдастықтардың қатысуымен бірнеше рет талқыланды. Нәтижесінде Ұлттық палата біліктілік талаптарына өзгеріс енгізуге қол жеткізді.

«ҰКП және мердігерлік компаниялардың бастамасымен пайдалануға берілген объектілердің ауданы бойынша талапқа көппәтерлі тұрғын үй кешендері жатқызылған. Бұған дейін әлеуметтік объектілер бойынша алаңдар ғана ескерілген еді. Мердігер ұйымдардың пікірінше, аталған талаптар бәсекелестікті шектеді. Өйткені оларға салада лидер компаниялардың шектеулі тобы ғана сәйкес келуі мүмкін», – деп атап өтті құрылыс департаменті директорының орынбасары Аңсар Сейсекеев.

Сондай-ақ, әлеуетті өнім берушіде сот дауларына қатысуы, оңалту рәсімдерінің болмауы туралы талаптар алынып тасталды. Білікті мамандар бойынша талаптар өзгертілді, аванстық төлемді қамтамасыз етуді ұсыну мерзімдері ұлғайтылды. Бұдан басқа, келісімшарттың орындалуын қамтамасыз ету енді шарттың барлық сомасына емес, тиісті қаржы жылына бөлінген сомаға ұсынылады.

«Бұл ретте Ұлттық палата және бизнес өкілдерінің жалпы білім беретін мектептерге қосымша құрылысты әлеуметтік объектіге жатқызу туралы ұсыныс ескерусіз қалды. Бұл объектілер ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өтетін жекелеген жобалар бойынша іске асырылады және жекелеген салынған құрылыс объектілері сияқты заңнамада белгіленген тәртіппен пайдалануға қабылданады», – деді Аңсар Сейсекеев.

Сарапшының айтуынша, бекітілген конкурс құжаттамасына сәйкес, «әлеуметтік объект» ұғымына мектептер, кәсіптік-техникалық оқу орындары, жоғары оқу орындары, мектепке дейінгі балалар мекемелері (балабақшалар), демалыс үйлері, мәдениет сарайлары мен үйлері, ауруханалар, емханалар, медициналық клиникалар, концерт залдары, санаторий-профилакториялар, спорт ғимараттары ғана жатады.

Жұмыс істеп тұрған мектептерде оқушы орындарын ұлғайту тәжірибесі елімізде кең таралған және көптеген жыл бойы қолданылып келе жатқанын айта кеткен жөн.

Көп өңірде халықтың өсуіне, демек, оқушы орындарының тапшылығына байланысты бастауыш сынып оқушылары үшін «қосымша» атауымен тиісті білім беру мекемелерінің аумағында жеке тұрған білім беру объектілері салынды. Олар жеке спорт және акт залдары, асхананы, медициналық кабинетті салу, аумақты абаттандыру және басқа да жұмыстарды қарастырды. Бұл ретте қуаттылықтың артуымен құрылыс компаниялары сыртқы инженерлік желілерді ауыстырды.

«Сонымен қатар, сыйымдылығы бойынша мектептерге «кеңейту» деп аталатын жағдайлар толық өлшемді мектептен асып кетуі мүмкін. Мысалы, Көкшетау қаласында 420 оқушыға арналған №18 орта мектепке қосымша құрылыс салынды. Бұл ретте ұлттық жобада 300 орындық мектеп салу көзделген», – деп түсіндірді сарапшы.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ-тың жалпы білім беретін мектептерге қосымша құрылыс салу бойынша жұмыс тәжірибесін ескермеуі – бірқатар компанияның конкурсқа қатысу мүмкіндігін шектейді. Сондай-ақ, осы жұмыс түрлерін жүзеге асырған компаниялардың көрсеткіштерін төмендетеді. Бизнестің пікірінше, бұл жайт ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіреді.

Құрметті кәсіпкерлер, конкурсқа қатысу бойынша сұрақтар туындаған жағдайда «Атамекен» ҰКП байланыс орталығына хабарласуды сұраймыз: 1432.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер