astana-view

Алматыда ғалымдардың идеялары мен әзірлемелері негізінде шағын инновациялық кәсіпорындар құру ұсынылды

2023 жылғы 14 Наурыз
- Алматы қаласы
5814 просмотров

Алматы кәсіпкерлер палатасының алаңында Инновациялар және креатив индустрия комитетінің отырысы өтті.

Комитет мүшелері ғылыми жобаларды коммерцияландыруды қолға алуға ниетті. Ғылыми әзірлемелер негізінде шағын кәсіпорындар құруды комитет мүшесі, кәсіпкер Жұмабай Ділманов ұсынды.

«Әлемнің барлық дерлік ел шығармашылық бағытты дамытып жатыр. Егер қазір дамытпасақ, айтарлықтай артта қаламыз. Менің ойымша, қаланы инновациялық дамытудың басты мақсаты –  ғалымдардың идеясы мен әзірлемелері негізінде шағын инновациялық кәсіпорындар құру. Басты міндеттер қала әкімдігі және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен құрылуы тиіс. Саланың инновациялық дамуын қолдау инфрақұрылымын құру қажет. Бірінші кезекте бұл бизнес-инкубаторлар, инновациялық технопарктер, университеттер. Жас ғалымдар, танымал ғалымдардың идеялары кейін шағын инновациялық кәсіпорындарда кең көлемде өндірілетін инновациялық өнімдерге айналады», – деді спикер.

Алматының университеттері мен институттарында ғылыми әзірлемелердің үлкен кеніші бар деген пікірді «AI-Qaral» ЖШС бас директоры Әсем Кенжебек білдірді.

«Ғалымдарымыздың әзірлемелерінің үлкен базасы бар. Оларды қазір бизнесмендер үшін тартымды болатын деңгейге дейін жеткізу керек. Бұл егіс алдындағы инвестиция деп аталады. Ғылым болғандықтан, өкінішке қарай, кәсіпкерлер мен венчурлық қорлар ол жаққа бармайды. Қазір елдер ғана емес, ірі қорлар да жекелеген бағыттарды ашатын жаңа тренд жүріп жатыр. Олардың басты мақсаты – инноваторлар, ғалымдардың мықты командаларын сонда алу», – деп атап өтті Әсем Кенжебек.

Спикердің айтуынша, мұның бәріне мемлекеттің қолдауы қажет. Кәсіпкер ҰКП базасында ғылыми әзірлемелерді іріктеуді зерделеу үшін сараптамалық кеңес құру және жыл соңына дейін одан әрі іске асыру үшін 20 ғылыми әзірлемені анықтауды ұсынды.

Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, бүгінде әлемде креативті индустриялар жаңа технологиялар, салалар, материалдық тауарлардың және ел үшін маңызды экономикалық артықшылықтардың негізгі көзі.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Таймбетов Президент 2022 жылғы 30 желтоқсандағы «Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру туралы» заңға қол қойғанын еске салды. Соған сәйкес креатив индустриялардың анықтамасы айқындалып, жетекшілік ететін мемлекеттік орган ретінде заңмен мәдениет және спорт министрлігі айқындалды.

«Инновациялар, IT және креатив индустриялар бүгінде әртүрлі салаларды қамтитын маңызды бағыттар. Қандай секторларға бармасаңыз да, инновациясыз алға қадам жасау өте қиын. Бұл бағыттар бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Палата ретінде біз ғалымдар және бизнеспен жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Өңірлік палата төрағасы.

Ғылым саласының өкілдері аналитикалық топ құруды ұсынды. 

«Мен маркетолог ретінде жалпы зерттеу тұрғысынан айтқым келеді. Бізде «Атамекен» сияқты жақсы институт бар, сондай-ақ әкімдік тарапынан серіктес бар. Бізге басында үлкен маркетингтік зерттеу жүргізу керек шығар. Бізге үлкен аналитикалық топ қажет. Мүмкін бұл үлкен болмаcа да инновацияға деген сұранысты анықтайтын сауатты аналитикалық топ қажет, яғни инновациялар әртүрлі болады. Ал бізге өңіріміз үшін инновация қажет. Аналитикалық топ сұраныс пен ұсыныстарды анықтап, әрекеттесу аймақтарын анықтайды», – деді AlmaU креатив индустриялар орталығының директоры Дана Шаяхмет.

Спикер Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірдің инновациялық кеңесін ұсынды, ол талдамалық зерттеулер бойынша өңірдің инновациялық картасын жасайды.

«Қазір Ғылым қоры барлық университет және ғылыми ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жасап жатыр. Ғылыми әзірлемелердің үлкен пулы бар, бірақ барлығы алға ілгерілетуге немесе коммерцияландыруға дайын емес. Бізге Алматы қаласының жастары мен студенттік қоғамдастығын тарту қажет. Магистранттар, докторанттар бар», – деді «Ғылым қоры» АҚ Инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Құрманғазы Омаров.

Министрліктің мәліметінше, қазір Қазақстан халқының зияткерлік әлеуетін жүйелі және ұзақ мерзімді дамыту және іске асыру үшін заңнамалық іргетас құрылуда. Қабылданған заңнамалық түзетулерді («Мәдениет туралы» заңға, «Кәсіпкерлік кодекске») іске асыру шеңберінде 2023 жылдың I тоқсанында креатив индустрия қызметінің негізгі түрлерін (ЭҚЖЖ) және жеке кәсіпкерлік субъектілерін креативті индустрияларға жатқызу өлшемшарттарын бекіту жоспарланған.

Комитет отырысына қалалық әкімдік, жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар, бизнестің өкілдері қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер