astana-view

Студент жатақханаларын салу бағдарламасында өңірлік ерекшелік ескерілуі тиіс – Атырау кәсіпкерлері

2023 жылғы 28 Наурыз
- Атырау облысы
13934 просмотров

Мұндай пікірді бизнес өкілдері Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Адами капиталды дамыту комитетінің отырысы барысында айтты. Жиында мемлекеттің қолдауы шеңберінде студенттік жатақханалар, жекеменшік мектептер мен интернаттар салу бағдарламасы таныстырылды.

Осы бағдарламаның операторы болып «Қаржы орталығы» АҚ белгіленген. Орталық өкілдерінің айтуынша, бүгінде республика бойынша студенттердің тұруы үшін 62 мыңнан астам төсек-орын қажет. Бұл мәселені шешу үшін студенттер, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизмі әзірленді. Механизм құрылыс салушыға мемлекет тарапынан инвестициялық шығыстарды кезең-кезеңімен өтеуді және бизнес субъектілерінің студенттік жатақханаларды салуға және қайта құруға кеңінен қатысуын көздейді.

Шарттарға сәйкес объектілерді салу немесе реконструкциялау құрылыс салушының өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Құрылыс кезінде объектіні пайдалануға бергеннен кейін мемлекеттік тапсырысты 6 жыл ішінде, нысанға реконстуркция жасалған болса – 8 жыл ішінде ай сайынғы негізде орналастыруға кепілдік беріледі. Төлемдер студенттердің жатақханада тұру фактісі бойынша жасалады. Бірінші жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс түзету коэффициентін ескере отырып төленеді, яғни тұратын студенттердің саны екіге көбейтіледі, бірақ жобалық қуаттан аспайды.

«Осы жылы құрылыс бойынша төлем мөлшері бір төсек-орынға жылына 195 АЕК-ті (Алматы қаласы үшін – 230 АЕК), реконструкциялау бойынша – бір төсек-орынға жылына 47 АЕК-ті (Астана және Алматы қалалары үшін – 92 АЕК) құрайды. Бағдарлама басталғаннан бері Атырау облысында қайта жаңарту жолымен 2 жатақхана пайдалануға берілді. Біреуі 100 орынға, екіншісі 650 орынға шақталған. Қазіргі кезде өңірде студенттік жатақханалар бойынша тапшылық 35 орынды құрайды. Алайда, қазіргі уақытта Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жатақханасына қатысты мәселе өзекті. Нысанның апаттық жағдайына байланысты 500 студент басқа объектілерге уақытша орналастырылды. Біз ЖОО басшылығымен кездесіп, бірлескен шешім табуды жоспарлап отырмыз. Облыс мектептеріне келетін болсақ, бүгінде олардың 11-2 2347 орынға арналған мемлекеттік тапсырыс орналастырылған», – деді «Қаржы орталығы» АҚ директорының орынбасары Диас Жамбылов.

Алайда жергілікті кәсіпкерлер студенттік жатақханаларды салу және қайта құру бағдарламасында өңірлік ерекшеліктер ескерілмеген, бұл жайт бағдарламаны бизнес үшін тартымсыз етеді деп санайды. Атап айтқанда, Атырау облысы «Қазақстан құрылысшылар одағы» РББҰ филиалының директоры Эльдар Мұханбетжановтың пікірінше, бағдарламаға бірқатар өзгеріс енгізу қажет.

«Жалпы бағдарлама жақсы, бірақ онда өңірлік ерекшелік ескерілмеген. Біріншіден, Атырауда құрылыстың өзі еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда әлдеқайда қымбат. Мысалы, бізде текше үшін 42 мың теңге, ал Алматыда 20 мың теңге тұрады. Барлық дерлік инертті материал бізге сырттан әкелінеді, бұл құрылысты өте қымбат етеді. Екіншіден, бағдарламаның шарттары бойынша жатақханалардың ең төменгі жобалық қуаты кемінде 100 төсек-орын болуы тиіс. Бұл студенттік жатақханаларға сұраныс өте жоғары Астана, Алматы сияқты өңірлер үшін проблема емес. Ал Атырауда, бүгін айтылған мәліметтерге сәйкес, тапшылық небәрі 35 төсек-орынды құрайды. Бұл бизнес үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан бұл коэффициентті төмендету жағына қарай қайта қарау қажет деп санаймын, сондп бізге бұл қажеттілікті жабу оңайырақ болады», – деп атап өтті Эльдар Мұханбетжанов.

«Қаржы орталығы» АҚ өкілдері осы дәйектермен келісіп, оларды басшылыққа жеткізуге уәде берді. Жиын соңында Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев бүгін ұсынылған ақпарат мүдделі бизнес субъектілеріне жеткізілетінін атап өтті.


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер