astana-view

 Ақтөбедегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жанынан бизнес-инкубатор іске қосылады

2023 жылғы 31 Наурыз
- Ақтөбе облысы
5851 просмотров

Бұл кәсіпкер ретінде алғашқы қадамдарын жасаған әйелдерге нақты көмек болады. Осы және ағымдағы жылға арналған басқа да жоспарлар туралы "Атамекен" өңірлік палатасында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының бір жылдық мерейтойын мерекелеу барысында айтылды. Мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, қаржы институттарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы бір жылда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. 600-ге жуық әйелге мыңнан астам қызмет көрсетілді. Бұл — кеңес беру, оқыту, тәлімгерлік қолдау, әйелдер бизнесінің қазіргі жағдайын бағалау. 55 ақтөбелік ару кондитерлік, тігін өндірісі және сұлулық қызметтері сияқты бағыттар бойынша бейіндік оқытудан өтті. 300-ден астам әйел әлеуметтік кәсіпкерлік, SMM, кооперация, салық және бухгалтерлік есеп, бизнесті жүргізудің құқықтық аспектілері және т. б. бойынша жеке және кәсіби өсудің тегін тренингтері мен шеберлік сабағына қатысты.

Кәсіпкерлік бастамасы бар он әйелдің менти ретінде таңдалғаны және сертификатталған тәлімгердің сүйемелдеуіне ие болғаны маңызды. Олар консультациядан бастап, бизнестің тұрақтылығы мен дамуы, тәуекел–менеджмент, өнімді өткізу нарықтарын кеңейту, өнім желісі және бизнес-процестерді жетілдіру мәселелері бойынша сарапталды.

Іс-шара аясында табысты жобалардың тұсаукесері өтті.

Мысалы, Әсемгүл Қайрақбаева он жұмыс орнын құра отырып, асхана ашты. Іске асыру сатысында екі наубайхана. Бұл тағы жеті жұмыс орны. Оның айтуынша, Орталыққа жүгінгенге дейін оның ай сайынғы табысы 175 мың теңгені құраса, ментормен жұмыс істеудің арқасында кәсіпкер табысын 5,5 млн.теңгеге дейін ұлғайтты.

Тағы бір ақтөбелік Дина Кенжебаева "ECO CHISTO" клинингтік компаниясын ашып, "Shabyt_smm_school" мектебін құрды. Бұл ретте 7 адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етіліп, тәлімгермен жұмыс істегеннен кейін өз кірістерін төрт есеге арттырды. Бүгінде Дина өз тәжірибесімен ойдағыдай бөлісіп, ӘКДО қызметі аясында SMM оқытудың тегін курстарын өткізеді.

"Мен әйелдерге балаларды жасанды тамақтандырудан толық емізуге ауыстыруға көмектесетін релактация марафонының авторы. Мұндай жоба басқа жерде жоқ. "Атамекен" осы жобаны дамытуда мені қолдағанына қуаныштымын. Қазіргі уақытта мен бүкіл Қазақстан бойынша, сондай- ақ елден тыс әйелдерге белсенді түрде кеңес беремін", - дейді тағы бір кәсіпкер Гүлнұр Баймұқанова.

Іс-шара барысында табысты іске асырылған жобалары бар кәсіпкерлер ӨКП директоры Дана Бекбауованың атынан алғыс хаттармен марапатталды.

"Тек жеке кәсіпкерлік саласында ғана Ақтөбе облысындағы әйелдер көшбасшы болып табылатын компаниялардың саны 57,5% құрайды. Өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының қызметі өз идеяларын іске асырғысы келетін әйелдер үшін мүмкіндіктер мен құралдарды одан әрі кеңейтуге ықпал ететініне сенімдімін. Ел Президенті Қасым–Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының отырысында Қазақстанға кәсіпкерлердің жаңа толқыны қажет екенін атап өтті. ШОБ-ты қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы әзірленетінін айтты. Биыл ҰКП "Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы" аясында "Мен кәсіпкер" жобасын іске асыруда. Жыл соңына дейін облыстың 140-қа жуық тұрғынын қамтуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, нақты өнім шығарылғанға дейін консультация беру, оқыту, жобаларды сүйемелдеу", - деп атап өтті Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова.

Іс-шара барысында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров құттықтау сөз сөйледі.

Кәсіпкерлер әкімдік өкіліне өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Өңірлік Палатадан Ақтөбенің жаңа тұрғын аудандарында бизнесті дамытудың жаңа тауашаларын анықтау үшін әкімдік тарапынан скрининг жүргізуге жәрдемдесу туралы өтініш айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде қаланы абаттандыруға кәсіпкерлерді тарту мүмкіндігі.

"Ұлттық мәдениет өнімдерін насихаттау және ілгерілету мақсатында қолөнершілер бұйымдарының жәрмеңкелерін ұйымдастыру және өткізу үшін қаланың орталық аудандарында алаңдар ұсынуда қала әкімдігіне жан — жақты қолдау көрсетуді сұраймыз", - деді Палата директорының орынбасары Дидар Боранқұлов.

"Даму" қорының басшысы Айнагүл Байдаулетова Қор арқылы іске асырылатын қолдау шараларына тоқталды. Өз кезегінде Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, ментор Күлпаршин Айдарханова Орталық жанынан бизнес – инкубатор ашылып, "Кәсіпке бағыт" бағдарлама бойынша оқыту басталып, "Бір ауыл — бір өнім" жобасы іске асырылатынын айтты.

"Жобаның басты мақсаты — өңірдегі бірегей өнімді анықтау, жергілікті тауарлар мен өнімдер өндірісін дамытуға ынталандыру, сондай-ақ тек жергілікті шикізатты пайдаланатын өндірушілерді біріктіру. Кооперация негізге алынды, оның тұжырымдамасын Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ілгерілететін болады", - деп қосты ол.

Шараның соңында кәсіпкерлер үшін "Жеке тұлға бренді және БАҚ-пен өзара іс-қимыл, сұхбат" тақырыбында тренинг ұйымдастырылды. Оны журналист Әсел Арыстангалиева жүргізді.

Естеріңізге сала кетейік, Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы өткен жылдың наурыз айында Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы жанынан Ұлттық экономика министрлігінің "Ынтымақтастық Қоры" серіктестігі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия және "Атамекен" ҰКП аясында ашылды. Бастама "Азия Даму Банкі" қаражаты есебінен қаржыландырылады және БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасымен іске асырылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер