astana-view

Қазақстанда қандай мамандыққа сұраныс жоғары? Ұлттық палата сарапшылары анықтады

2023 жылғы 10 Сәуір
8089 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «2023-2025 жылдарға арналған мамандарға қажеттілік» талдауын жариялады. Кәсіпкерлердің арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, Қазақстанда 134 мыңнан астам маман жетіспейді. Оның ішінде сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығының мамандықтары бар.

Кадрларға қажеттіліктің жартысын кәсіптік-техникалық білімі бар адамдар өтей алады. Ал төрттен бір бөлігіне арнайы білімсіз жұмысқа орналасуға болады. Әр бесінші вакансияға жоғары білім қажет. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбековтың айтуынша, бұл сауалнамаға 51 мыңнан астам кәсіпорын мен жеке кәсіпкер қатысқан.

«Мұндай талдауды Ұлттық палата жыл сайын жүргізетіндіктен, жағдайдың айтарлықтай өзгермегенін байқауға болады. Кәсіпкерлер арасында жалпы қажеттіліктің 70%-дан астамы жұмысшы мамандарға тиесілі. Заңгер, менеджер, экономист мамандарды іздейтін кәсіпкерлер аз. Айта кетейік, жұмысшы тобы – еңбекақысы төмен лауазымдарға жатады. Олардың жалақысы 115 мың теңгеден 184 мың теңгеге дейін болады. Табысының орташа деңгейі – 147 мың теңге», – деді Тимур Нақыпбеков.

Спикер жұмысшы кадрлар арасындағы орташа еңбекақының ең жоғары индексі 192 мың теңге – Алматы  қаласына, ал ең төмені 115 мың теңге – Түркістан облысына тиесілі екенін атап өтті.

«Кейде сұраныс саны сол жылы университет бітіретін түлек санынан басым түсетін мамандықтар бар. Мысалы, өткен жылы Қазақстанның жоғары оқу орындары тек 359 маркетолог шығарса, Ұлттық палатаның сауалнамасына сәйкес 1,2 мыңнан астам маркетинг маманына қажеттілік бар. Сонымен қатар «сәулет», «хореография», «қоғамдық денсаулық сақтау» сияқты мамандықтарға қажеттілік жоғары» – деп толықтырды спикер.

 Зерттеудің негізгі міндеттерінің бірі – шетелден келетін жұмыс күшіне деген қажеттілікті зерделеу.

Мәселен, шетелдік қызметкерлердің ең көп саны Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында тіркелген. Бұл – Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Украина және Қытай азаматтары.

Сауалнама қорытындысы бойынша, Қазақстандық жұмыс берушілер шетелдік азаматтарды тігінші және тігін операторы, PR менеджер, қолөнерші, инженер, химия зертханашысы, автослесарь және IT-дизайнер сынды мамандықтарға жиі жұмысқа шақырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер