astana-view

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте Алматы кәсіпкерлерінің проблемалары қаралды

2023 жылғы 13 Сәуір
6012 просмотров

 13 сәуірде «Атамекен» ҰКП алаңында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңесте Алматы қаласында кәсіпкерлік қызмет дамуының мәселелері қаралды.

 Қайырбек Сүлейменов Кеңестің жұмысын бастап, Алматы қаласында кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде мемлекеттік реттеуші институттар мен бизнесті қаржылай және қаржылай емес қолдау операторларының қызметі есебінен кешенді жағдай жасалғанын атап өтті. 2022 жылы қала әкімдігімен бірлесіп, бизнесті қолдауда мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Өткен жылы 131,5 млрд теңгеге 3 448 жоба қаржыландырылды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба – бизнесті қолдау жөніндегі негізгі бағдарлама.

Алайда, заңнамада көзделген кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау әлі толық көлемде пайдаланылмай, барлық кәсіпкер үшін қолжетімді болмай тұр. Ал практикалық қызметте құқықтық нормаларды іске асырудың жүйелі проблемалары салдарынан қолдаудың жекелеген түрі мүлдем қолжетімсіз.

«Үлкен қаладағы кәсіпкерліктің дамуына әмбебап базарларды жаңарту да елеулі әсер етеді. Сонымен қатар, әмбебап базарларды жаңарту жөніндегі науқанды мемлекеттік қаржылай қолдаудың болмауы мегаполистің де, бүкіл республиканың да сауда саласындағы көптеген кәсіпкердің қызметін тоқтату қаупін тудырады. Мұндай жағдай сауда қызметін реттеу және бизнесті қолдау жөніндегі жергілікті басқару туралы заңдардың қағидаларын іске асыру механизмдерінің болмауына байланысты орын алып отыр», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің хатшысы Батыржан Ашитов.

Спикердің айтуынша, кәсіпкерлерді олардың қалыптасу кезеңінде бизнес-инкубаторлар қолдаудың маңызды құралы саналады. Бұл институт Америка құрлығында және Еуропада жақсы қолданыс тапқан.

«Алайда Қазақстанда бизнес-инкубациялауды енгізу кең таралмады, өйткені заңнамада оларды дамыту шараларын қолдану әлі де шектеулі», – деді Батыржан Ашитов.

 Сондай-ақ, өңірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген залал өтелді. Сонымен қатар, ірі бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу мәселесі бүгінге дейін өзекті болып отыр.  Бағалау деректері бойынша 162 ірі бизнес субъектіне келтірілген залал 34 млрд теңгені құрайды. Бұл көлемнен Алматы қаласына 31,5 млрд теңге келеді.

«2022 жылғы қаңтарда болған қылмыстар салдарынан келтірілген залалды зардап шеккен барлық бизнес субъектіне, оның ішінде ірі кәсіпорындарға өтеу жеке меншікке қол сұғылмаушылық пен қорғаудың конституциялық кепілдіктерінен туындайды», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

Кәсіпкерлердің құқығын бұзу мемлекеттік сатып алу саласында да орын алады. 2022 жылы мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін 228 әкімшілік іс қозғалды. Мемлекеттік қызметшілерге 24 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

«Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы бұзушылықтар мен бизнеске қатысты заңсыз талаптардың жиынтығы кәсіпкерлік қызметті айтарлықтай шектеу болып саналады», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

Сонымен қатар, мегаполисте кәсіпкерлерді қылмыстық процестің орбитасына негізсіз тарту жағдайлары орын алады. Бұл жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүддесін бұзуға алғышарттар жасайды. 2022 жылы 202 қылмыстық іс тіркелген (экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар). Тергелген қылмыстық істердің ішінен оңалту негіздері бойынша 60 іс тоқтатылды немесе қылмыстық істердің 29,7%-ы негізсіз қозғалды.

«Егер тергеу органдарында қылмыстық іс қарау сатысына дейін кәсіпкердің іс-әрекетінде қылмыстық әрекет бар-жоғын объективті бағалауға мүмкіндік беретін тергеу тексерісін жүргізу мүмкіндігі болса, кәсіпкерлерді қылмыстық-құқықтық қатынастар саласына негізсіз тартуды алдын алуға болар еді», – деп қосты Қайырбек Сүлейменов.

Кеңес төрағасының айтуынша, қалада кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді шаралар жүргізіліп жатыр, заңнамада көзделген бизнесті қолдау шаралары белсенді пайдаланылу, инновациялық қызмет мақсатты түрде ілгерілеуде. Алайда, кәсіпкерлердің құқығын бұзудың жекелеген фактілері өңірдің кәсіпкерлік бастамасын неғұрлым тиімді іске асыруға мүмкіндік бермейді.

 Кеңес барысында мемлекеттік, соның ішінде құқық қорғау органдарына бірқатар ұсыныстар айтылды. Кеңес отырысының материалдары Президент Әкімшілігіне және Үкімет аппаратына мәлімет үшін жіберілетін болады.

 

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер