astana-view

«Атамекен» палатасы павлодарлық тауар өндірушілерді байқау-көрмеге шақырады

2023 жылғы 18 Сәуір
- Павлодар облысы
6201 просмотров

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы 2023 жылғы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне қатысуға өтінімдерді қабылдаудың басталғанын хабарлайды және оған белсенді қатысуға шақырады. «Атамекен» ӨКП-да осы жобаға қатысу үшін өтінімдерді тіркеу және ресімдеу бойынша оқыту өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес байқау жыл сайын өткізіледі.

«Байқауға елімізде тауар өндірумен, қызмет көрсетумен (қару-жарақ пен әскери техника өндірісінен басқа) айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады», - дейді Павлодар қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов.

Мемлекеттің қатысу үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдар, сондай-ақ оларға қатысты оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру туралы белгіленген тәртіппен шешімдер қабылданған ұйымдар конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ» КӨРМЕ-БАЙҚАУЫНЫҢ МАҚСАТЫ:
• отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған жеке және заңды тұлғалардың қызметін жандандыру;
• Қазақстан нарығын сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу;
• отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің заманауи әдістерін кеңінен енгізуге жәрдемдесу және алғышарттар жасау;
• сапа мәселелерін шешу қажеттілігіне өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аудару;
• халық арасында сапа идеясын насихаттау.
«Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі үш номинация бойынша өткізіледі:
• «Үздік өнеркәсіп тауарлары»;
• «Халыққа арналған үздік тауарлар»;
• «Үздік азық-түлік тауарлары».

Байқауға қатысуға ниет білдірушілер 2022 жылдың 1 маусымына дейін www.altynsapa.kz сайтына электронды түрде өтінім берулері қажет. Конкурсқа қатысушылардың материалдарын дайындау, ұсыну және алдын ала бағалау қағидаларына сәйкес ресімделген конкурс материалдары (есептері) (конкурстың веб-сайтынан қараңыз) www.altynsapa.kz интернет-ресурсында электронды түрде ұсынылады.
Толық ақпарат алу үшін Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының жобаларды қолдау бөліміне 66 03 11 (ішкі 5508) және 8 701 871 45 65 телефондары арқылы хабарласуға болады.
Көрме 2023 жылдың 12 шілдесінде өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер