astana-view

«Бір-бірімізді естідік»: Смайылов кәсіпкерлермен білім және инженерлік қызмет саласын дамытуды талқылады

2023 жылғы 25 Сәуір
5879 просмотров

Бүгін премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Бизнес және үкімет мүшелері салалық экономика үшін кадр даярлау, жекеменшік мектептерді және мектепке дейінгі мекемелердің желісін, сондай-ақ Қазақстандағы инженерлік қызметті дамытуды талқылады.

«Атамекен» ҰКП Төралқасының жанындағы Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің төрағасы Талғат Доскенов Ұлттық палата жүргізген кадрларға қажеттілік сауалнамасының нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, елімізде жоғары білімі бар мамандарға деген қажеттілік тек 22% құрайды.

«Жыл сайынғы осындай сауалнама барлық кадрлық қажеттіліктің 80%-ға жуығы жұмысшы кадрларды (51%) және біліктілігі жоқ жұмысшыларды (27%) қажет ететінін көрсетеді. Жоғары оқу орындарындағы гранттардың көптігі де осы теңгерімсіздікке ықпал етеді және ата-ана баласына жоғары білім алғызғысы келеді. Бірақ содан кейін біз жоғары оқу орындарының түлектері білім қажет емес немесе колледж дипломы жеткілікті жұмыстарда жұмыс істейтінін көреміз», – деді ол.

Сондықтан комитет төрағасы колледждерді дамытуға және жұмысшы мамандарды тегін даярлауға баса назар аударуды ұсынды.

Сондай-ақ, Қазақстанда үздіксіз білім беру қауымдастығының төрағасы Лейла Күленова жекеменшік балабақшалардың мәселесін көтерді. Оның айтуынша, еліміздегі 11 104 мектепке дейінгі ұйымның 50% жекеменшік. Мектепке дейінгі білім берудің 97 408 педагог құрамның 41 596-сы (42,7%) ауылдық жерлерде; 55 811 (57,3%) қалада жұмыс істейді. Лейла Күленова мемлекеттік және жекеменшік бақшадағыұстаздардың деңгейі тең емес екенін айтты. Мәселен, жеке мектепке дейінгі ұйымдарда категориясы бар педагогтердің үлесі аз. Ал оның категориясын көтеру үшін кәсіпкердің қалтасы көтере бермейді.

«Мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеуде жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесінен жан басына шаққандағы сметалық қаржыландыруға көшуді ұсынамыз. Атап айтқанда, педагогтердің жалақысын көтеру және біліктілігін арттыру керек», – деді Лейла Күленова.

Сонымен қатар, кеңесте Қазақстан Республикасының инжинирингтік әлеуетін дамыту көтерілді. «VS Engineering» жобалау институты Байқау кеңесінің төрағасы Игорь Зуга саладағы проблелардың бірі ретінде импортқа тәуелділікті (технология, зияткерлік әлеует) атады. Ол ғылыми-техникалық даму деңгейі бойынша Қазақстанның шет елдерден артта қалғанын атап өтті.

Бұдан бөлек төраға кадрлардың ескіруі, кәсіби даярлықтың сапасының төмендігі, кәсіби инженерлердің тапшылығы, бәсекеге қабілетсіз өнім өндіру және нарықта жосықсыз кәсіпкерлердің болуы да саланың дамуын кері тартатынын жеткізді. Осы мәселелердің салдарынан ірі мұнай газ және өзге де инфрақұрылымдық жобаларды Азия немесе Еуропа компаниялары іске асырып жатқанын айтты.

«Бұл проблемаларды шешу үшін кәсіби инженерлер мен бәсекеге қабілетті инжинирингтік бизнесті молайтуды ұсынамыз. Мұнымен бірге корпоративтік табыс салығынан босату, лицензия алу процесін шектеу, шетелден білікті инженерлерді жалдау кезінде төленетін салықтардан босату, ғылымды қажетсінетін жабдықты кедендік баждардан босатуды қарастыру керек деген ойдамыз», – деді Игорь Зуга.

Ұлттық палата төралқа төрағасы Райымбек Баталов салалық министрліктермен мәселелерді бірлесе пысықтайтынын атап өтті.

«Өкінішке қарай, инжинирингтің қазір жағдайы мәз емес. Біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика министрлігімен нақты шешім – бағдарламаны қабылдауға дайынбыз», – деді Райымбек Баталов.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов министрлерге Ұлттық палатамен бизнестің мәселелерін шешетін ұсыныс беруді тапсырды.

«Біз бір-бірімізді естідік. Бұл – өте маңызды. Мәселелер орынды көтеріліп отыр. Шынымен, бұл бағыттарда бірлесе атқаратын жұмыс көп. Үкімет бизнеспен жүйені реттеп, бүгінгі ұсыныстардың бәрін талқылау керек. Оқу-ағарту, ғылым және еңбек, ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бизнестің ұсыныстарын талқылап, шешімін ұсынуы керек», – деп тапсырды Әлихан Смайылов.

Жиын соңында премьет-министр кеңестің кезекті отырысында денсаулық сақтау мәселесін талқылауды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер