astana-view

Ұлттық палата маман тапшылығы жоғары өңірлерді атады

2023 жылғы 06 Мамыр
4679 просмотров

Экономика қажеттілігі үшін кәсіби мамандарды дайындау – стратегиялық міндет.  Ал бизнесті кеңейту жұмыс орындарының санын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов айтты. Іс-шараға «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, Ұлттық экономика және Еңбек министрлігінің басшылары, сондай-ақ өңірлердің әкімдері қатысты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов экономика қажеттіліктері үшін кәсіби кадрларды даярлау кешенді тәсілдерді пайдалана отырып жүзеге асырылуы тиіс екенін айтты. Бизнестің белсенді қатысуымен экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағытталған білім беру жүйесін жетілдіру керек. 

 «Биыл кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде бизнеске 135 мың маман қажет екені анықталды. Соның ішінде 70 пайызы – жұмысшы кадрлар. Өңірлер арасында республикалық маңызы бар Алматы, Астана қалалары, сонымен қатар Қарағанды облысында мамандарға қажеттілік жоғары. Сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім беру, сондай-ақ ауыл, орман, балық шаруашылығына жұмысшылар көптеп керек», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Тимур Нақыпбековтің айтуынша, Ұлттық палата бизнес субъектілерінің мамандарға қажеттілігін айқындау арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі; кәсіпкерлік субъектілерінің қажеттіліктеріне қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және кәсіпкерлікті дамыту үшін оқу орталықтарының тізілімін жүргізеді.

 Ұлттық палата 2017 жылдан бері кәсіби дайындық жөніндегі оқу орталықтарының тізілімін жүргізіп келеді. Қазіргі кезде тізілімге 600 оқу ортадығы кірген. Былтыр осы орталықтарда 10,8 мың адам оқыды. Олардың жұмысқа тұру деңгейі 85,6% пайызды құрайды. Биыл оқу орталықтарында 11 мыңға жуық адамды оқыту көзделген.

«Кәсіпкерлерді қолдаудың тағы бір тиімді механизмі – қаржылай емес қолдау. «Атамекен» ҰКП 2015 жылдан бері кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа қаржылай емес қолдаудың кең спектрін көрсетеді. Атап айтқанда, ақпараттық-консультациялық қызметтер, кәсіпкерлердің біліктілігін дамыту, операциялық қызметтегі әкімшілік жүктемені азайту, іскерлік байланысты кеңейту, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті тиімді жүргізуге оқыту сияқты бағыттарды қамтиды. Қолдаудың бұл  шаралары кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие. Мысалы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 61 387 адамға  162 324 қызмет және консультациялар көрсетілді. 2676 жобаға 24,7 млрд теңге сомасында қаржыландыру алуға қолдау көрсетілді. Осы жобалар аясында 3 104 жұмыс орны құрылды», – деді Тимур Нақыпбеков.

 Әлихан Смайыловтың айтуынша шағын және орта бизнесті тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын құруға баса назар аудару керек.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 16%-ға өсіп, республика бойынша 4.1 млн адамды құрады. Біз бизнес ашқысы келетін адамдарға қашан да қолдау көрсетуіміз керек. Көптеген дамыған елдің экономикасы ШОБ-қа негізделген және біз соған ұмтылуымыз керек. Экономика қажеттіліктері үшін кәсіби кадрларды даярлау – стратегиялық міндет.  Бизнестің белсенді қатысуымен экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағытталған білім беру жүйесін жетілдіруіміз керек. Өңірлердің әкімдері оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктері, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес білім беру бағдарламаларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы артта қалған өңірлердің әкімдері ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санын ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет екенін атап өтті. Өйткені бұл өңірлердің әлеуеті толық көлемде іске асырылмай келеді.

«Мүдделі министрліктер және Ұлттық палатамен өзара іс-қимылды күшейту қажет. Екіншіден, «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын шаралардың сапасы мен тиімділігін арттыру қажет», – деп атап өтті премьер-министр.

Кездесу соңында премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне Қаржы министрлігімен, өңірлердің әкімдері және «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер