astana-view

Қызылордада 600-ден астам азамат «Мен кәсіпкер» жобасына қатысады

2023 жылғы 12 Мамыр
- Қызылорда облысы
9041 просмотров

Биыл Қызылорда облысында 600-ден астам азаматқа «Мен кәсіпкер» жобасы аясында қызмет көрсетіп, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша бірнеше өнім түрі шығады деп күтілуде.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов айтты.

«Биыл кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға, кәсіпкерлерге жақсы мемлекеттік қолдау тетіктері енгізіліп жатыр. Қаржылай қолдау тетіктеріне 2,5 пайызбен жастарға берілетін несиені, «Ауыл аманаты» бағдарламасын айтуға болады. Ал қаржылай емес қолдау тетігіне биыл басталған «Мен кәсіпкер» жобасын атап өткім келеді. «Мен кәсіпкер» – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында іске асырылып жатыр. Жаңа жоба. Бірнеше саланы қамтиды. Жобаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырады», – деді Пірмұхаммед Сыздықов.

«Мен кәсіпкер» жобасы бірнеше саланы қамтиды. Негізгі екі бағыты бар: әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы, кәсіпке бағыт. Алғашқы бағыт туралы Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әсел Алушаева баяндады.

«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері кеңес беріп, олардың қажеттілігін анықтайды. Одан кейін соған сәйкес қыз-келіншектерді оқытады. Бұл  бағытқа тек қыз-келіншектер ғана қатыса алады», – деді Әсел Алушаева.

Сондай-ақ, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында іске асады.

«Бұл қыз-келіншектерге арналған жоба. Оның шартының бірі – шикізат жергілікті өнім болуы керек. Негізі бұл жоба пилоттық тұрғыда төрт өңірде – былтыр Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарында іске асты. Биылдан бастап барлық өңір қатысады. Сол себепті, идеясы бар немесе жобасы дайын, қалай жүзеге асыруға болады деген қыз-келіншектерге қолдау көрсетеміз»,– деді облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова.

Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында шағын және орта бизнес өкілдеріне және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға қаржылай емес қолдау көрсетеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер