astana-view

Ресурсы мен инфрақұрылымы жоқ мемлекеттік сараптама қалай жұмыс істейді?

2023 жылғы 25 Мамыр
7153 просмотров

«Сараптамалық ұйымдар палатасы» аккредиттелген сараптамалық ұйымдардың кәсіптік бірлестігі ҚР ИИДМ бастамасының және сараптамалық қызмет саласындағы мемлекеттік монополияның ұлғаюына әкеп соқтыратын бұйрық жобасының күшін жоюға тырысып жатыр. Бұл бастама мен бұйрық жобасы сонымен қатар жеке сарапшыларды жұмыс көлемінің үштен бірінен айырады және ел басшылығының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатына қайшы келеді.

Қазір ҚР ИИДМ құрылыс жобаларын сараптау саласын мемлекеттік монополияға қайтарудың табанды әрекеттеріне байланысты «Сараптамалық ұйымдар палатасы» аккредиттелген сараптамалық ұйымдардың кәсіптік бірлестігі Бас прокуратура және Мемлекет басшысына жүгініп, көмек сұрауға мәжбүр болды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2023 жылғы 21 сәуірде «Ашық НҚА» электрон порталында ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрықтың жобасын қайта ұсынды. Сараптамалық ұйымдар палатасы ұсынылған өзгерістермен үзілді-кесілді келіспейді.

ҚР ИИДМ бұйрығының жобасы мемлекеттік емес сараптама мүддесіне елеулі түрде нұқсан келтіреді және 2022 жылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының: «Құрылыс нарығын монополиясыздандыру және оны бәсекеге қабілетті дамыту жөнінде шаралар пакетін қабылдау» бойынша берген тапсырмасына қайшы келеді. Сондай-ақ ҚР ИИДМ ҚР қолданыстағы заңнамасының нормаларын бұза отырып, бұйрық жобасын әзірледі. Енгізілген түзетулер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін елеулі түрде қозғайтынына қарамастан, әзірге реттеушілік әсерге талдау жүргізілген жоқ.

Бұған қоса түзетулер мемлекеттік емес сараптамалық ұйымдардың едәуір бөлігінің мәжбүрлі жабылуына әкеп соғады. Кәсіпорындар үлкен қаржылық және материалдық шығынға батады, мамандар жұмыссыз қалады. Осы әрекеттері үшін ҚР ИИДМ жауапкершілікті өз мойнына алып отырған жоқ.

ҚР ИИДМ өкілдері бизнеспен диалогқа өзінің ашық екенін жария түрде мәлімдейді және жыл сайын ҚР Үкіметі мен ҚР Президенті әкімшілігіне құрылыс саласын және жобаларды сараптау саласын монополиясыздандыру жөніндегі табысты жұмыс туралы есеп береді. Ал іс жүзінде құрылыс жобаларын мемлекеттік емес сараптау институтына қатты соққы жасалып отыр.

«Атамекен» ҰКП алаңында 24 мамырда өткен жиналыста Сараптамалық ұйымдар палатасының басқарма төрағасы Бірлік Ережепов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің түзетулері, ең алдымен, құрылыстағы мемлекеттік жобаларды сараптау саласындағы мемлекеттік монополияны күшейтуге бағытталғанын және мемлекет бекіткен бағдарламалық құжаттарға қайшы келетінін атап өтті.

«Бұйрық сарапшылар қауымдастығында кең резонанс тудырды. Бұл құжатқа қатысты 270 қарсылық пен келіспеушілік жасалды. Қауымдастық бұйрықтың түпкі мақсаты мемлекеттік емес сараптама институтын біртіндеп жоюға бағытталған деп санайды. Бұл қағидаларды өзгертудің қажеті жоқ. Өйткені барлық аса күрделі мемлекеттік маңызды әлеуметтік жобалар, сондай-ақ азаматтардың тіршілігін қамтамасыз етуге әсер ететін жобалар және адамдар көп болатын ғимараттар жобалары қазірдің өзінде мемлекеттік монополияда», – деді ол.

 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы қазіргі кезде сараптаманың 100% көлемінен мемлекеттік сараптама 18%-ын бақылайтынын, ал қалған 82%-ы жеке сараптама ұйымдарының құзыретіне жататынын атап өтті.

"Ресурстары мен инфрақұрылымы жоқ мемлекеттік сараптама жұмыс көлемінің 60%-дан астамын алып, қаншалықты қызмет ете алады?", - деді депутат.

Ұлттық палата өкілдері сараптамалық қоғамдастық жұмысының барлық «әлсіз тұсы» және шешілмеген мәселелерді мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын тиісінше орындамауы және құрылыс жобаларына мемлекеттік емес сараптама институтының жұмыс істеуін заңнамалық қамтамасыз ету бөлігінде ҚР ИИДМ қызметіне жатқызылуы қажет деп санайды. Мемлекеттік орган заң бұзғандарға тиіста шараларды қолданбайды.  Жеті жыл бірнеше сараптама ұйымы ғана аккредиттеуден айырылды. Бұл ретте, жоғары аудиторлық Палатаның аудиті және бақылау-қадағалау органдарының тексерулері барысында белгіленген «Мемлекеттік сараптама» РМК сараптамалық қорытындыларындағы барлық бұзушылықты мемлекеттік орган елеусіз қалдырады

 Бұдан басқа заңнамаға сәйкес осы мәселе бойынша барлық мүдделі органмен қандай да бір есептеу, талдау және талқылаулар жүргізілмеген. Яғни, объективті негіздемесіз біржақты тәртіппен құрылыс жобаларын сараптау саласындағы саясат қайта қаралады, адал бәсекелестік қағидаты бұзылып жобаларды сараптау нарығы монополияға ойысып барады.

Уәкілетті органның жүргізіп отырған саясаты іс жүзінде жобаларды мемлекеттік емес сараптау институтын таратуға, Палата мүшелерінің жұмыс істеп тұрған 216 жеке сараптама ұйымының басым бөлігінің жабылуына, штат қысқартуға, сондай-ақ жобаларды сараптау саласына өзін-өзі реттеуді одан әрі енгізу мүмкін еместігіне әкеп соғады.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер