astana-view

Бизнеске тағы шығын: Қазақстандық кәсіпкерлер ЕАЭО-дағы навигациялық пломбаларға қарсы

2023 жылғы 14 Маусым
5333 просмотров

2024 жылы ЕАЭО-ға мүше екі және одан да көп мемлекеттің аумағы бойынша жүретін барлық тауар навигациялық пломбаның көмегімен бақыланатын болады. Бұл ретте бақылауға жатпайтын тауарлардың тізбесі анықталды. Оған гуманитарлық және техникалық көмек, жануарлар, инкубациялық жұмыртқалар, халықаралық пошта жөнелтімдері және басқа да тауар позициялары кірді.

Қазақстандық кәсіпкерлер бақылауға жатпайтын тауарлар тізіміне тағы  төрт санатты қосуды ұсынды. Атап айтқанда: теміржол көлігімен төгінді және үйінді түрінде ыдыс, контейнер-цистерналарда тасымалданатын заттар, сондай-ақ әмбебап және мамандандырылған жабық вагондарда, контейнерлерде үйінді ретінде өткізілетін тауарлар; теміржол көлігімен транзитпен өткізілетін тауарлар; декларанты уәкілетті экономикалық оператор болып табылатын тауарлар; Халықаралық жол тасымалдары (Carnet TIR) рәсімі бойынша – тәуекел деңгейі төмен тасымалдаулар.

Бизнес үшін навигациялық пломба – қосымша жүктеме. Мысалы, Беларусь Республикасының аумағы бойынша транзит үшін навигациялық пломба салу құны 1 пломба үшін 120 еуроны құрайды. Орташа алғанда, бір көлікке  тіркемесінің түріне байланысты бір немесе екі навигациялық пломба қолданылады. Сондықтан біз жүк автотасымалдарының және темір жол тасымалдарының жекелеген санаттарын навигациялық пломбамен міндетті түрде пломбалаудан босатуды сұраймыз. Ойлап қарасақ, бір вагонда бес-сегіз люк бар, ал бір пойызда қырықтан елуге дейін вагон бар. Бұл бизнес үшін үлкен ауыртпалық болмақ», – дейді «Атамекен» Ұлттық палатасының экономикалық интеграция департаментінің басқарушы директоры Әлнұр Данишев.

Айта кету керек, ЕАЭО-ның жекелеген елдері Қазақстанның бизнес-қоғамдастығының бұл ұсынысын қолдамайды. Олар навигациялық пломбаны қолдана отырып, тауарларды толық қадағалау қажет деп санайды.

«Еуразиялық экономикалық одақта навигациялық пломбаны қолдану туралы келісімді дайындау кезінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы пломбаланған жүктерге қатысты тексерулердің күшін жою және олардың толық кедергісіз өтуін қамтамасыз етуді жақтады. Алайда бұл ұсыныс қабылданбады. Осылайша, жүктің навигациялық пломбаны қолданумен де қозғалуы оның еркін қозғалуына кепілдік бермейді», – деді Әлнұр Данишев.

Спикердің айтуынша, қазақстандық тасымалдаушылар үшін навигациялық пломбаны толық қолдану пломбаны салу/алу орындарындағы кезек, жүктерді жеткізу уақытыынң ұзаруы, сондай-ақ тасымалдаушылар үшін артық қаржылық жүктемеге айналады.

Айта кету керек, ЕАЭО елдері аталған алып қою тізімі уақытша негізде әрекет ететін баламалы нұсқаны да талқылап жатыр.  Сонымен қатар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері тауарлар айналымының заңдылығы тұрғысынан осы алып қоюларды қолдану практикасына мониторинг жүргізуі тиіс.

Бақылаудан босатылған тауарларды белгілеу туралы түпкілікті шешім ЕАЭО елдерінің вице-премьерлері деңгейінде қабылданатын болады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер