astana-view

Жетісу облысының кәсіпкері сүт қабылдау пунктін ашты

2023 жылғы 21 Маусым
- Жетісу облысы
7621 просмотров

Алты жыл бұрын Ескелді ауданының кәсіпкері Тұрсынжан Мәмеш ірі қара мал өсіруге арналған өндірістік кооператив, ал біраз уақыттан кейін сүт қабылдау пунктін ашты. Бүгінде ауыл тұрғынының бизнесі табысты дамып келеді, бұл өңірдегі сүт өндірісінің дамуына ғана емес, сонымен қатар жұмыс орындарының ашылуы мен сақталуына да оң әсер етеді.

Тұрсынжан Мәмеш 76 құрылтайшымен бірлесіп «Берік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» өндірістік кооперативін ашты. Кәсіпкер Ескелді ауданының кәсіпкерлер палатасының филиалына кеңес алу үшін жүгінді. Бұдан әрі филиалдың қолдауымен кооператив «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-та сүтті бағыттағы ІҚМ өсіруге 6%-бен 146 млн теңге мөлшерінде несие алды. Содан кейін сүт қабылдау пунктін де ашты. 3 тонна сүт салқындатқышын сатып алды, оның құнынан 40 пайыз субсидия алды. Сол жылы кәсіпкер 1 сүт тасымалдайтын көлік сатып алды.

Сырымбет ауылының тұрғыны өз ауылдастарын жұмысқа орналастырды.  Бүгінгі таңда үш сүт тасымалдаушы бар. Айта кетсек, кәсіпкер автокөлік құнынан мемлекет тарапынан да субсидия алды. Кооперативте жеті адам жұмыспен қамтылған. Есесіне өзі де, ауыл тұрғындары да пайда көріп жатыр, сүт қабылдау пункті ауыл тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие.

«Біз сүтті Ескелді ауданының төрт елдімекенінен қабылдаймыз, жалпы 370-тен астам отбасыдан сүт жиналады. Кооперативте 3 машина бар, біз күн сайын 5 тоннаға жуық сүт қабылдап, «Ләззат» ЖШС-на тапсырамыз», – деді Тұрсынжан Мәмеш.

Енді кәсіпкер өз бизнесін одан әрі дамытуға ниетті. Бұл өз кезегінде шаруалардың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік қолдау шаралары арқылы өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып келеді. Айта кетсек, бүгінгі таңда Жетісу облысы бойынша агроөнеркәсіп кешені саласында 20 мыңға жуық кәсіпкер.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер