astana-view

Біз қазір у ішіп отырмыз – халықаралық сарапшы Ерлан Бадашев

2023 жылғы 19 Шілде
9907 просмотров

Қазақстанның су ресурстары көрші елдермен салыстырғанда өте шектеулі. Тіпті еліміз құрғақшылығы жоғары елдердің қатарына кіріп, 68 мемлекеттің ішінде 60-орында тұр. Экологтардың айтуынша, елдегі 8 су бассейнінің алтауында 2040 жылға қарай су тапшылығы күшейеді. Ал, 20 жылдан кейін тұщы суға деген сұраныс артып, жетіспеушілігі білінеді. Мұның бәрі сайып келгенде, елдің сумен қамтамасыз етілуіне, жалпы ішкі өнімге және қоршаған ортаға теріс әсер етеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы су мәселесінің мұндай өзектілігін ескеріп, Үкіметке тиісті ұсыныстарын жеткізген. Бұдан бөлек сала мамандарымен арнайы сұхбат ұйымдастырып, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың назарын аударуды қолға алды. Алғашқы  материалымызды назарыңызға ұсынамыз. Алдағы уақытта салалық сарапшылар мен ауыл шаруашылығы мамандарының пікірін де жариялаймыз.

Дүние жүзі «суды үнемдейік, сусыз қаламыз» деп дабыл қағып жатқанына қанша жыл болды. Алайда, Орталық Азия елдері бұл мәселені шешуге асығар емес. Қазақстандағы 8 су бассейнінің жетеуі көрші елдерден бастау алады. Иә, олар ағыстың басында отыр, біз солардан қалғанын қанағат тұтып жүрміз. Бұл аздай, біз су бассейндері ортақ көршілермен әлі күнге дейін Совет үкіметі кезінде жазылған құжатты басшылыққа алып келеміз.

Елдегі тозығы жеткен инфрақұрылымды айтпағанда, мемлекеттің стратегиясы, суды дұрыс пайдалануды реттейтін заң жоқ. Тек қуантарлығы –халық суды үнемдеу мәдениетіне біртіндеп келді. Ал үкімет «әлі оянған жоқ». Суға қатысты осы және өзге проблемаларды халықаралық сарапшы, біз білетін «сушы» Ерлан Бадашев айтып берді.

Қазақ судың қадірін баяғыда айтып кеткен

«Кез келген мемлекет жер, су, ауадан тұрады. Мемлекет болғаннан кейін шекарасы белгіленеді, жер қозғалмайды. Ал, су үнемі қозғалыста. Ауа енді екі бастан. Сол себептен, ең бай елдер, менің ойымша, суға бай елдер. Біз қазір мұнайға баймыз, Менделеевтің барлық элементіне баймыз деп мақтанамыз ғой. Бірақ оның бәріне сусыз ештеңе істей алмаймыз. Сондықтан жауынгер ақын Махамбеттің айтқаны бар: «Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қандастық» деп. Ата-бабамыз суды бағалап, өзеннің бойын қорғап, судың қадірін білген», – деп бастады әңгімені сарапшы.

Сегіз су бассейнінің біреуі ғана ішкі территорияда

Қазақстан территориясы 8 су бассейніне бөлінеді. Бірақ оның жетеуін көршілермен бөлісеміз, нақтырақ айтқанда олар бізбен бөліседі. Біз оларға «қарап отырмыз».

«Әр өзеннің жанында өз бассейні бар. Оңтүстікте Шу-Талас бассейні, Арал-Сырдария бассейні, Іле-Алакөл бассейні, солтүстікте Ертіс, Есіл, Тобыл, батыста Жайық бассейні. Бұлардың бәріне су соңғы құяды. Тек Нұра-Сарысу бассейні өз аумағымызда. Оның су көлемі айтарлықтай көп емес. Қазір әртүрлі дерек бар. Әр жылғы судың көлемі 100 текше метр саналады. Соның жартысына жуығы басқа елдерден келеді. Қалғаны ел аумағында құралады. Енді айтайын дегенім ең су тапшы, қажет аймақтарға басқа елдерден келеді. Оңтүстікке Қырғызстан, Өзбекстаннан келеді. Ілеге Қытайдан, Жайыққа Ресейден келеді... Жалпы осы судың 67-70 пайызға жуығы ауыл шаруашылығына пайдаланады. Ол – дұрыс цифр. Өйткені халықаралық көрсеткіштер де сондай. 15-16 пайызы өнеркәсіпте, қалғаны ауызсу, мал шаруашылығында пайдаланылады», – деп баяндады Ерлан Бадашев.

Ертістің суы Ресейге «тегін» кетіп жатыр

Сарапшы Ертістің суына алаңдайды. Қазақстан Ресейге суды «тегін» беріп жатыр. Маман оның орнына бізге қажет басқа «байлық» қабылдауды ұсынды. «Я болмаса, суы аз аймақтарға тартуды қарастыру керек» дейді.

«Өткенде анализ жасап көрдім. Қазір біздегі 19 млн тұрғынның 10 миллионнан астамы – 60-70 пайызғы жуығы суармалы жерлерде орналасқан халық. Суға тапшы – оңтүстік өңірлер, содан кейін батыс, Жайықтың бойы. Ал суы көп өңір – шығыс, Ертістің бойы. Ертіске қатысты Ресеймен жасаған келісіміміз бар. Оның 12 кубокилометр суымызды пайдаланбай, әрмен қарай Ресейге жіберіп жатырмыз. Қаныш Сәтбаев салған канал бар. Бұл канал Ертістен Қарағандыға дейін барып тұр. Совет үкіметі кезінде Жезқазғанға дейін барған трубамен. Өйткені сол жерде өнеркәсіп дамыды. Сол 170-200 шақырым жерге суды көтеріп апарып тұр. Мұндай гидротехникалық құрылыс әлемде жоқ. 60 жылға жуық жөндеусіз жұмыс істеп тұр. Сол Ертістің суы Қарағанды, Екібастұзға жетіп тұр», – деп қосты маман.

Гидротехникалық құрылғылар шаршаған

Ерлан Бадашев гидротехникалық құрылғылар «кеңестен» қалған, әбден тозығы шыққан деп қынжылды. Бұдан бөлек еліміздің кәріз жүйесі қараусыз қалған. Ең сорақысы –  екеуін де реттейтін заң нормасы жоқ.

«Біздегі су бассейн гидротехникалық құрылғылармен реттелген. Қазір 23 су қоймасын саламыз деп жатыр. Ол қате деп ойлаймын. Әлемде мұндай құрылысты жойып жатыр. Себебі экологияны құртады деп саналады. Сол 23-тің екеуін салуға болады, қалғаны керек емес деп ойлаймын маман ретінде. Қалғанының қажеттілігі жоқ. Сосын кәріз бар. 21 ғасыр. Оны да реттейтін заң қабылдау керек. Сосын үшінші заң бар. Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы заң  қабылдау керек. Мұны айтқанымызға 25 жыл болды. 2008 жылы Әділет министрлігіне ұсыныс жасап бардық. Күлді бәрі... Онсыз біз суармалы жерді, 10 млн халықты қамтамасыз ете алмаймыз. Судың қорына келсек, шамамен 120 кубо километр су бар. Оның 60 пайызы өзен, каналдан шығып, өсімдікке жеткенше жоғалады.  Инфрақұрылымның тозығы жеткен. Мен кейде қорқамын. Кешегі ана Қызылағаш, Көкпекті – сигнал», – деп қосты маман.

1992 жылғы жасалған келісім – жеме-жеме келгенде жеңе алмаймыз

Арал, Сырдария, Шу-Талас су бассейні бойынша Өзбекстан, Қырғызстанмен 1992 жылы жасалған келісім бар. Сол неге негізделіп жасалған?  Сарапшы бұл құжаттың орнына жаңа келісім жасау керегін, бірақ оны әзірлей алатын маман тапшы екенін атап өтті.

«Кеңес үкіметі кезінде суды пайдаланудың бас схемасы жасалған. Әлі күнге дейін сол құжатты пайдаланып келеміз. Олар соған қарап «көніп келеді». Жоқ мемлекеттің құжатымен жүрміз. Жеме-жеме келгенде халықаралық сотқа берсе, біз жеңе алмаймыз. Менің ойымша, өзбектермен өзбекше, қырғыздар қырғызша, тәжіктермен тәжікше сөйлесу керек. Қазір олар орысша сөйлемейді. Ал біз барамызда олармен ағылшынша сөйлесеміз. Олардың тілінде сөйлей алатын, су саласында білікті мамандар жоқ. Енді талдау барысында мамандардың тапшылығын бірінші орынға қойып тұрмыз... Орталық Азия елдерін біріктіретін де, соғыстыратын да  – су. Осыған ешкімді қатыстырмай, өзіміз конвенция қабылдауымыз керек. Ағылшынша сөйлейтіндер біз оларға мұнай, бидай бермей қоямыз дейді. Қазір оны басқа елдерден алу қиын емес. Олар бір апта су болмаса, мұнайыңды тегін беріп, су аласың. Сол себепті ұсынғанмын – Орталық Азияға ортақ бір институт ашу керек. Сонда қазақ, өзбек, қырғыз бір партада отыруы керек, бірге оқуы керек. Сонда бір-бірін түсінеді. Су мәселесін шешу адамдардың қарым-қатынасынан басталады», – деп ұсынды Ерлан Бадашев.

Жазылып жатқан Су кодексіне ирригация және дренаж заңын енгізу керек

Маманның айтуынша, ол Су кодексін жазуға дайын. Әріптестері де бар. Бірақ қазіргі құзырлы мемлекеттік орынның басшылары «кәрі кадрды менсінбейді». Мемлекеттік мекемедегігел оған «жаңа идеясы бар жастар керек» депті.

«Мағзұм Мырзағалиев (бұрынғы экология министрі – ред.) министр кезінде су кодексін жасайық деп ұсыныс жасағанмын. Соны бастағанбыз. Ол мемлекеттің стратегиялық құжатына кіру керек және барлық бағдарлама соған негізделу керек. Өкінішке қарай, бұл жұмыс тоқтап қалды. Қазіргі басшылар «жаңа көзқарас керек, жас сарапшылар тартыңдап» депті. Біз енді жасқа жатпаймыз. Сол себептен мен жазылып жатқан Су кодексіне ирригация және дренаж заңын қабылдау керек. Көп жерде бар. Ол туралы мен АШМ мамандарына айттым, басын алып қашады... Министрліктердегіле заңды жастар жазуы керек дейді. Бірақ жазылып жатқан ештеңе көрмедім», – деп қосты Ерлан Бадашев.

Түркістанға «Венецияның» не керегі бар?

Ерлан Бадашев Түркістандағы туристерді тарту үшін салынған су жолын да сынға алды. Ол «оңтүстік өңірде онсыз да су жетпейді, енді қолдан «өзен» жасау тым артық» деп есептейді.

«Қазір қай әкім күшті сол суды бұрып алады. Мысалға, Түркістанда «Венеция» салды. Мен таңғалам. Түркістанға «Венецияның» не керегі бар? Италияда су көптігінен жасады. Сосын Түркістанда су туризмін дамытамыз деді. Ол кезде бұл облыстың әкімі «күшті» болды да, суды бұрып алды. Қызылорда облысының әкімімен санасқан жоқ», – дейді ол.

Маман ауызсу, ирригация, дренаж, гидротехникалық инфрақұрылым, кәріз жүйесі, тариф – судың айналасындағы барлық проблеманы реттейтін заң нормаларын бекіту керегін түйіндеді.

Аралда балықшылар джиппен жүреді

Сонымен қатар, Ерлан Бадашев – Аралдың суын қайтару жобаларының басы-қасында жүрген мамандардың бірі. Әсіресе, Кіші Аралды қайтарудың бүге-шігесіне дейін біледі.

«Кіші Арал жобасымен айналысқанбыз, қазір де айналысып жатырмыз. Әлемде үлкен резонанс болды. Балқашқа көшіп кеткен балықшылар көшіп келді. Шетелдік телебағдарлама бар. Табиғат туралы. Өсімдіктің өскенін жайлап көрсетеді... Аралда да тіршілік пайда болып, су табиғатты тез қалпына келтірді. Тіршілік бастады. Бұл туралы ұзақ айтуға болады... Қазір жоба аясына іссапармен барып тұрамыз. Бүгін Аралдағы халықтың жағдайы жақсарды. Бұрын балықшылар мотоциклмен жүретін, кейін барсам, УАЗ-бен жүрді, қазір джиппен жүреді... Енді қараңыз, халықаралық заң бойынша ағыстың төменінде отырған ел төбедегі елдермен келісу міндет емес. Бұл жобаны Дүниежүзілік банк жүзеге асырған. Өзбек ағайындардан келісім алу керек болды, олар келісім бермеді. Банк те халықаралық жанжал болмасын деп араласпады. Сосын ол жоба тоқтап қалды. «Бастағы су ішеді, аяқтағы у ішеді» дейді. Біз қазір у ішіп отырмыз...» – деп қосты сушы.

Қоғамның сана-сезімі оянды

Сарапшы бүгінгі қоғамның суды үнемдеуге деген талпынысын ерекше атап өтті. Ол он жыл бұрын мұндай серпіліс болмағанын, ал қазір жақсы үдеріс белең алғанын айтты.

«Қоғамның сана-сезімі оянды. Жалпы суды бағалау үшін оның құнын, яғни су жеткізу бағасын көтеру керек. Дегенмен бүгінде халық судың құндылығын түсінді. Қазір суды үнемдеу керек деп жиі естимін. Бұл қуантады. Бұрын  бұл туралы ешкім айтпайтын. Ал қазір кеңінен насихатталады», – деп қуанды маман.

Дүниеге сушы болып келу керек

«Су мәселесі өте нәзік, дипломатияны қажет етеді. Қазір суға жауаптылар сол ауылдың «құдайы» болып тұр. Оны бірдей бөліп беретін, түсінетін мамандар жоқ. Қысқасы, судың қадірін түсініп, оны дұрыс, үнемді пайдалану, әділетті бөлу үшін сушы болып туылу керек», – деп түйіндеді ойын ардагер сушы Ерлан Бадашев.

 

 

 

 

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер