astana-view

Кәсіпкерлер кассалық шығынға батуы мүмкін: тапсырыс беруші міндеттемесін орындамай отыр

2023 жылғы 07 Тамыз
6414 просмотров

Дереккөз: freepik.com

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Әділдік жолы» РҚБ-мен бірлесіп, Қаржы министрлігіне тапсырыс берушілердің электрон актілерге уақтылы қол қою бөлігінде мемлекеттік сатып алу мониторингінің қорытындысын ұсынды.

Талдау нәтижесінде 2023 қаржы жылында жалпы сомасы 245,1 млрд теңгеге бекіту мерзімі өткен 19 670 электрон акт анықталды. Актілерде өтіп кеткен орташа мерзім  24 күнді құрайды.

«Электрон актіге уақтылы қол қойылмауы – Тапсырыс берушінің шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауы болып саналады.  Оның салдары кәсіпкерлерде кассалық алшақтықтың туындауына әкелетінін атап өтеміз. Бұл дегеніміз салықтарды уақтылы төлемеу, несиелерді өтеу мерзімдерін бұзу, еңбекақыны төлемеу», – дейді «Атамекен» ҰКП реттелетін сатып алу департаментінің басқарушы директоры Руслан Шоқаев.

Бұл ретте, мемлекеттік сатып алу саласындағы негізгі құқық бұзушылықтарды бекітетін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 207-бабында тапсырыс берушілердің лауазымды адамдарының мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 546-тармағын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделмеген.

«Атамекен» ҰКП жоғарыда мәліметтерге байланысты Қаржы министрлігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хат жолдады. Онда ағымдағы жағдай және заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы деректер жазылған.. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Осы мониторинг «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталы арқылы жүргізілгенін еске саламыз.

Анықтама: «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталы Қазақстанның бес ірі сауда алаңынан алынған ақпаратпен бір мезгілде жұмыс істеуге арналған. Тіркеу кезінде елдің барлық мемлекеттік мекемесі, жер қойнауын пайдаланушылары, ұлттық компаниялары, даму институттары мен аграрлық секторын сатып алу жоспарларын қарау мүмкіндігі пайда болады.

Бұл шара әлеуетті өнім берушілерді конкурстарға қатысуға дайындау үшін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер нарығын уақтылы бағалауға ықпал етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер