astana-view

Жанармай қымбат, ақбөкен шабуылы, қуаңшылық: шаруалар шығынға батып жатыр – Ұлттық палата

2023 жылғы 07 Тамыз
4228 просмотров

Осы жылы ішкі және сыртқы жағымсыз факторлардың салдары фермерлер үшін қиынға соқты. Бұдан бөлек ел ішіндегі субсидия, несиелеу жүйесінің, субсидия платформасының кемшіліктері, су тапшылығы «жығылғанға жұдырық» болды. Шаруалардың осы және өзге мәселелері «Атамекен» ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіп кешені комитетінің отырысында көтерілді.  

Ұлттық палата кәсіпкерлердің шағымын мемлекеттік және құзырлы органдарға жеткізіп келеді. Алайда, жауапты мекемелердің тарапынан мардымды жауап болмай отыр. Бүгінгі отырыста солардың бірнешеуі – агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау және несиелеу, Gosagro.kz субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесінің жұмысы, егін жинауға арналған жанар-жағармай, мал азығын дайындау, сыртқы сауда қызметін шектеу, ақбөкендер популяциясының егіс алқаптарына әсері, диқаншылардың зардабы және басқа проблемалар талқыланды.

«Субсидиялау бойынша шамамен 124,5 млрд теңге қажет. Мысалы, Ақмола облысында фермерлерге сүт құнын арзандатқаны үшін соңғы төлем осы жылдың наурызында жүргізілді. Құс етінің өндірісінде де жағдай ұқсас. Сондай-ақ, өңірлерде жаңа ұсыныстар бойынша пайыз мөлшерлемесін субсидиялауға қаражат жоқ», – деп көтерді мәселені комитет төрағасы Жигули Дайрабаев.

Оның үстіне жыл ортасынан асса да субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің (Gosagro.kz) кемшіліктері бар. Бұл жүйенің кемшін тұсын фермерлер мен Ұлттық палата бірнеше рет айтқан. Дегенмен әлі толық шешілмеді.

Сонымен қатар, биыл шаруалардың табысын тарылтқан тағы бір үлкен себеп бар – қуаңшылық. Бүгінде оңтүстік өңірлерде туындаған су тапшылығы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне және ауыл шаруашылығына үлкен экономикалық шығын келтірді.

«Қуаңшылық салдарынан бірқатар аймақта дақылдар айтарлықтай нашарлады. Мәселен, Жамбыл облысының өзінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіретін Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас, Шу аудандарында суармалы судың тапшылығы қатты сезілді. Ал, Қостанай және Ақтөбе облыстарында шегірткелердің басып кіруі жағдайды ушықтырды. Жылдан жылға фермерлер ақбөкендер популяциясынан шығынға ұшырайды. Бүгінгі таңда олардың саны 2 млн басқа, ал шаруаларға келтірілген залал миллиардтаған теңгеге жетті», – деді комитет төрағасы.

Жыл сайын ақбөкендер егінге зардабын тигізеді. 2023 жылғы авиациялық есепке сүйенсек, елде ақбөкендердің саны 1,9 млн-нан асты. Үш популяциядағы ақбөкендер саны өсті – 97 мың бас немесе өткен жылғы көрсеткіштен 45,3% артты. Ақбөкен ішінара Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстарын мекендейді. Үлкен популяциясы – Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында кездеседі. Фермерлердің айтуынша, ақбөкеннің салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігі ғана емес, жайылымдық жерлерде де шығын бар. Олар шөппен қамтамасыз ету мүмкін емес деп алаңдайды. Сол себепті шаруалар «табиғи апаттардан туындаған залалдың орнын толтыру, 2024 жылы форс-мажордың алдын алу және басқа шара қабылдау қажет» деп ұсынды.

Сондай-ақ, фермерлер отырыста қуаңшылықтың салдарына алаңдайтынын жеткізді. Жамбыл облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, биыл қант қызылшасының дақылдары 11,1 мың гектар егіс алқабына егілген болса, су тапшылығының салдарынан 4,2 мың га жарамсыз болып қалған. Осының негізінде, облыс бойынша 3,6% суармалы егіс алқаптары жарамсыз деп танылды. Алдын ала болжамға сүйенсек, зардап шеккен фермерлердің шығыны – 3,3 млрд теңге. Ал, бұл дақылдың қазанға дейін суару қажеттілігін ескерсек, қалған алқаптан да өнім алу екіталай. Осындай қауіп бар. Бұдан бөлек Павлодар, Жетісу және жалпы басқа өңірдің шаруалары да қуаңшылыққа шағымданды. Айта кетейік, Түркістан облысында да жағдай қиын – Шардара су қоймасының деңгейі төмендеген.

Қуаңшылық салдарының өтеміне қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері жауап берді. Олар мәселе Үкімет басшысының деңгейінде қаралып жатқанын және төтенше жағдай жарияланып, шаруалардың несиесін өтеу механизмі ұсынылғанын айтты. Сөзінше, Жамбыл облысында бес аудан қуаңшылықтан зардап шеккен. Қазір Төтенше жағдай министрлігімен төтенше жағдай жариялау мәселесі қарастырылып жатыр. Вице-министр Әбілхайыр Тамабек қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларды қолдаудың үш механизімі талқыланып жатқанын айтты.

«Түркістаннан бөлек Павлодар облысында екі аудан бар. Бірақ жалпы өңірде жағдай мәз емес. Фермерлерге пролонгация (ұзарту) жасау, химиялық өңдеу құралдары, тыңайтқыштарды сатқан ұйымдармен келісіп, шаруалардың қарызын келесі жылы төлеу механизмі, үшінші субсидия бойынша қарызынан толық құтылу деген шаралар қаралып жатыр. Республикада бойынша 176 млрд теңге қарызын бюжеттік өтемге бердік. Бірінші кезекте Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Жамбыл сияқты өңірлердің қарыздарын, қалған өңірлерді екінші кезекте өтеу қаралып отыр», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.

Сонымен қатар, жиында шаруалар жанар-жағармай қымбатшылығына тоқталды. Көктемде операторлар фермерлерге орташа бағамен 204 теңге/литр деңгейінде жеткізсе, бүгінде орташа баға 269 теңге/литр дейін ұлғайып, 32% қымбаттаған.

Бұдан бөлек «Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы» ЗТБ президенті Айжан Наурызғалиева Ресейден бақылаусыз кіріп жатқан қантқа тосқауыл қоюды сұрады. Айтуынша, елдегі зауыттар қантын сата алмай отыр. Себебі Ресейдің қанты Қазақстан нарығына кедергісіз түсіп жатыр.

«Қазір қант зауыттары шығарған қант сол күйі қоймаларда тұр. Себебі Қазақстан шығаратын қанттың өзіндік құны 440 теңге, ал Ресейден келетін қант 300 теңге. Базарда алыпсатарларға 320 теңгеге сатады, әрі қарай 350 теңгеден сатылып жатыр. Біз  Ауыл шаруашылығы, Сауда министрліктеріне көлік тасымалын жабу туралы өтінішпен жүгіндік. Себебі қантты осылай қадағалаусыз кіргізе берсек, Ресейде бүгіннің өзінде 4 зауыт іске қосылған. Тамыздың соңында барлық зауыты қосылады. Оның үстіне Ресейде биыл «өнім жақсы, 6,5 млн тонна өнім аламыз» деп отыр. Осы орайда АШМ-ге үндеуім бар. Былтыр министрлік қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі жоспарын қабылдады. Бірақ сол міндеттердің бөлігі биыл 1, 2 тоқсанда іске асырылуы керек еді. Бірақ олардың біреуі де орындалмады. Кішкентай Қырғызстанның өзі 17 мың га екті. Сөйтіп өзін қантпен 100 пайыз қамтиды. Ресейде қант егілетін жердің 90 пайызы қант зауыттарына тиесілі. Олар қант қызылшасын 90 пайыз қамтып отыр деген сөз. Біз қашан өзімізге шикізат егіп аламыз. Бұл салада 5 жылдан беріп еңбек етіп келемін, әлі күнге дейін айналшықтап жүрміз. Бұл дегенің – азаматтарды жұмыспен қамту, салық төлеу, кәсіпорындар, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық, шаруаларды қолдау. Ал, қазіргі жағдайға келсек, көліктерді тоқтатайық. Біз оларды қадағалай алмаймыз, құзыреттілігіміз жоқ. Мәселені қашан шешеміз», – деді Айжан Наурызғалиева.

Сауда министрлігі Сауда комитетінің қызметкері Гүлмира Ахметаева кәсіпкердің сөзіне жауап бере келе, 1 сәуір – 30 маусым арасында теміржол көлігі арқылы 59 мың тонна қант, автомобиль арқылы 6 мың тонна қант импортталғанын атап өтті.

«Тағы біздің қант зауыттары ішкі нарықты толық қамти алмайды. Импортқа тәуілділік 50 пайыздан асады. Бұдан бөлек қант өндірушілер мемлекеттен жақсы қолдау алады. Олар қант шикізатының баж салығынан және қосымша құн салығынан босатылған», – деп жауап берді Гүлмира Ахметаева.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов қант өндіріс дамыту бағдарламасының орындалмауына қатысты Ұлттық палата арқылы жазбаша жауап беретінін мәлімдеді.

Комитет төрағасы Жигули Дайрабев отырысты қорытындылап, көтерілген мәселелердің шешілуін Ұлттық палата жіті бақылауға алады және құзырлы мемлекеттік органдардың жедел шешімін талап ететінін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер