astana-view

Ұлттық палатада инвесторлардың құқығын қорғау жөнінде бағыт пайда болды

2023 жылғы 16 Тамыз
7296 просмотров

Биыл Ұлттық палатаның базасында шетелдік және отандық инвесторлардың құқығын қорғау жөнінде жеке бағыт пайда болды. Бас прокуратураға ел экономикасы үшін маңызды әрбір инвестициялық жобаны сүйемелдеу және барлық кезеңде инвесторларға көмектесу міндеті жүктелген. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің басқарушы директоры Азамат Құсайынов айтты.

 Осы жылдың сәуірінде Қазақстан президенті Қасым-жомарт Тоқаев инвесторларды тарту және инвестициялық жобаларды қолдаудың маңызын мәлімдеген болатын. «Атамекен» ҰКП осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі, Бас прокуратура, «Kazakh Invest» АҚ және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы бағытта үлкен жұмыс жүргізіп жатыр.

 «Ірі инвесторлар қандай да бір елге қаражат салуға дейін тәуекелдерді алдын ала бағалап, егжей-тегжей консультациялар алатынын түсінеміз. Қолдау қызметі, консультациялар инвесторлардың тәуекелдерін азайту, даулы мәселелердің санын азайтып, осылайша инвесторларды көбірек тарту, оларға жұмыс істеу үшін барынша қолайлы жағдай жасау және сапалы әріптестік қарым-қатынас қалыптастыру үшін құрылды», – деді Азамат Құсайынов.

 Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік инвесторлардың құқығын қорғау қазір өте өзекті. Өйткені инвесторларды сот дауларына тарту фактілері де жиі орын алады.

 «Мысалы, санитариялық қағидаларды бұзғаны үшін жабылу алдында тұрған ірі шетелдік кәсіпорын бар. Осыны болдыртпау үшін, инвестор жобадан кетіп қалмау үшін мүмкін болатын әрекеттер жасалып жатыр. Бұл кәсіпорын өз өңірінде ірі салық төлеуші болып отыр. Бес жыл ішінде бюджетке 7 млрд теңге түсті, 250 қазақстандық жұмыспен қамтылған. МЖӘ шеңберінде қазақстандық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді, ал шетелдік инвестор салған қаражат көлемі 64 млрд теңгені құраған. Бұл шетелдіктердің қатысуы және үлкен инвестициялары бар ірі жобалар. Әрине, олардың елде жұмыс істеуін жалғастыруға барлық тарап мүдделі. Өйткені Қазақстанмен уағдаластықтардың үзілуі халықаралық аренада беделге нұқсан келтіретін тәуекелдерге әкеп соғады», – деп атап өтті басқарушы директор.

Айта кетейік, егер инвестор қандай да бір мәселе немесе дау бойынша түсініктеме алғысы келсе, ол тікелей «Атамекен» ҰКП мен өңірлік палаталарға, Бас прокуратураға немесе Kazakh Invest көмегіне жүгіне алады. Мұны кез-келген ыңғайлы тәсілмен жасауға болады: кеңсеге келу, сенім телефондары мен байланыс орталығына қоңырау шалу, жазбаша түрде сұрау жіберу.

 Ұлттық палата өкілі егер 20 жыл бұрын инвесторлар негізінен шикізат секторын таңдаған болса, қазір басқа салаларда да көптеген инвестициялық жоба бар екенін айтты. Мысал ретінде ол құрылыс секторы мен логистиканы келтірді.

«Менің пікірімше, Қазақстанда агроөнеркәсіп кешені, көлік секторы үлкен әлеуетке ие. Бұл дамытуды қажет ететін салалар. Бұл бағыттар инвесторлар үшін қандай да бір тартымдылық орталығына айналуы мүмкін, біз бұған үміттенеміз», – деп түйіндеді Азамат Құсайынов.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер