astana-view

Қазақстандық кәсіпкерлер Үрімшіде ірі қытайлық компаниялармен бірқатар кездесу өткізді

2023 жылғы 18 Тамыз
6464 просмотров

Премьер-министрдің орынбасары – ҚР сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин және «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапары барысында Үрімшіге барды.   

Кездесу бағдарламасы China National Chemical Engineering Group Corporation Ltd (CNCEC) ұлттық химиялық компаниясымен іскерлік таңғы астан басталды. Компания Қытайдың мұнай және химия өнеркәсібі жүйесін құрушы, озық өнеркәсіп кешендегі озық шешімдерді жеткізуші.

Бұл жобаларды шетелде жүзеге асыра бастаған алғашқы қытайлық кәсіпорын. Қазіргі кезде компания Ресей, Индонезия, Малайзия, БАӘ, Сауд арабиясы, Пәкістан, Қазақстан, Түркия, Мысыр сияқты 60-тан астам ел мен өңірлерде орналасқан 134 шетелдік мекемесі бар. Палата ынтымақтастығының келешегі Trip.com ірі халықаралық әуе билеттерін сату агенттігімен де талқыланды.

Бұдан әрі делегаттар «Қытай – Еуразия» ірі халықаралық көрмесінің ашылуына қатысты. Бұл көрмеде азық-түлік, ауыл шаруашылығы және тоқыма өнімдері ұсынылды. Көрме жыл сайын өткізіледі, оған көптеген елдің кәсіпорындары қатысады. Қазақстаннан көрмеге сүт, ет, тоқыма және басқа да өнімдер әкелінді.

Кестеде бөлшек сауданың ірі кәсіпорны Hulian Group және күн панельдерін өндіруші Hoshine Silicon Industry Co., Ltd компаниясымен кездесулер болды. Hoshine Silicon компаниясы кварцтан кремнийге, металл кремнийге, мономер синтезінен қайта өңдеу өнімдеріне дейін толық өндіріс тізбегіне ие. Компанияның өнімдері аэроғарыштық, әскери, электронды байланыс, денсаулық сақтау, автомобиль жасау және басқа салаларда бүкіл әлемдегі серіктестермен ынтымақтастықта кеңінен қолданылады.

Сонымен қатар, ҰКП делегациясы «Қорғас» Экономикалық даму аймағының мемлекеттік капиталын басқару жөніндегі Warton Economic Institute компаниясының экономика саласындағы ғылыми-зерттеу институтының басшылығымен кездесті. Warton Economic Institute құрылғаннан бері (20 жылдан астам уақыт бұрын) ұлттық стратегия, өңірлік даму және бизнестің өсуімен байланысты бірқатар ірі жобаны жоспарлап, ілгерілетті және Қытайдың экономикалық реформалары мен дамуын ілгерілетуге ерекше үлес қосты.

Үрімшіге сапар барысында ҚХР өнеркәсіп және сауда федерациясымен келіссөздер жүргізілді.

«Өнеркәсіп және сауда федерациясының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сияқты барлық өңірде филиалдары бар. Бүгін біз тығыз өзара іс-қимыл мәселелерін талқылау үшін кездестік. Өйткені Ұлттық палата отандық және қытайлық бизнеске байланыс орнатуға жәрдемдесу мүмкіндігіне ие. Қазақстандық кәсіпкерлер Қытайдан нақты инвестициялық серіктестер тауып, перспективалы жобаларды бірлесіп жүзеге асыра алады», – деді ҰКП басшысы Райымбек Баталов.

Күннің екінші жартысында делегация форумға қатысты. Іс-шара «Қытай-Еуразия» көрмесіне қатысушы елдердің мемлекеттік органдарының өкілдері, бизнес өкілдері, қауымдастық басшылары, ғалымдар, халықаралық сарапшылар, дипломаттар қатысуымен өтті.

Форумда Ұлттық палата атынан «Атамекен»  ҰКП Төралқа төрағасының кеңесшісі Жандос Әбішев сөз сөйледі. Ол «Атамекен» Қытай бизнесімен ынтымақтастықты дамыту және Қазақстанға инвестиция тарту мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Қытай сауда, инвестициялар, технологиялар және басқа да салаларда қазақстандық бизнестің ең ірі іскер серіктестерінің бірі. Елдеріміз арасындағы сауда айналымы 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда 34%-ға өсті Екі ел арасындағы экспорт 13,2 миллиард доллар, ал импорт 10,9 миллиард долларды құрады», – деді спикер.

Жандос Әбішев «Атамекен» ынтымақтастықты жолға қоюға және Қытай компанияларының Қазақстан нарығына шығуына ықпал ететініне, керісінше, қазақстандық компаниялар Қытай нарығына шығу үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сендірді.

«Біз барлық саладағы әріптестігіміз бен ынтымақтастығымыздың табысты болашағына бек сенеміз. Біз қытайлық кәсіпкерлер мен инвесторларды елімізде қарсы алуға қуаныштымыз және бірлескен жобаларды табысты іске асыру үшін толық қолдау мен қызметтерге кепілдік береміз», – деп түйіндеді спикер.

Еске салсақ, осы жылдың мамырында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында жалпы сомасы 22 миллиард долларға 47 құжатқа қол қойылды. Маңызды келісімдердің бірі –  «Қытай-Орта Азия» іскерлік кеңесін құру. ҰКП мамандары осы келісімдер сауда, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік және логистика, тау-кен металлургия кешені және энергетика сияқты маңызды салаларда елдеріміз арасындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді қарым-қатынастардың дамуына қосымша серпін береді деп санайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер