astana-view

«Қауіпті өнім» тізілімі болмайды

2023 жылғы 22 Тамыз
6738 просмотров

ЕАЭО елдері «Қауіпті өнім» тізілімін «Сәйкес келмейтін өнім» тізілімі деп қайта атауды қолдады. Тізілім техникалық регламенттер талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау қорытындысы бойынша қалыптастырылатын болады. Сонымен қатар өнімнің ЕАЭО техрегламенттерінің талаптарына сәйкес еместігі туралы мәліметтерді қамтитын болады.

«Қауіпті өнім» термині қабылданған жағдайда тамақ өнеркәсібінен бастап ауыр машина жасау, құрылыс индустриясына дейін өнеркәсіптің барлық саласы қиын жағдайға қалар еді. Өйткені осы тізілімге түскен деректер сол компания, бренд қызмет еткенше сақталады. Цифрлық технологиялар дәуірінде нұқсан келген беделден тіпті шетелдік нарықтарда да құтылу мүмкін емес. Соның салдарынан бренд атауын өзгертуге тура келеді, бұрыннан қалыптасқан бренд өшеді.

«Негізінде улы, токсинді, радиоактивті және жарылуға қауіпті заттарды қауіпті деп саналады. Осындай заттардың қатарына жай ғана техникалық регламенті бұзылған өнімді қоюға болмайды деп санаймыз. Дүкен сөресінде дұрыс сақталмағаны себепті бұзылып кеткен сүзбе сапасыз өнімдер дайындалған деген сөз емес», – деді «Атамекен» ҰКП Техникалық реттеу департаментінің директоры Жазира Шүйкебаева.

Еске салсақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тізілімге «қауіпті өнім» атауын беруге қарсы болған. Өйткені «қауіпті өнім» және «техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнім» түрлі ұғымдар. Сондай-ақ, техникалық регламентті бұзу (мысалы, таңбалау, өнімнің майлылығы, ет, қант немесе басқа ингредиенттің мөлшері бойынша) өнімді «қауіпті» санатына қосуға себеп бола алмайды.

Кейінгі бір жыл ішінде Ұлттық палата осы мәселені парламент, ҚР үкіметі, сонымен қатар ЕЭК алаңында бірнеше рет көтеріп келді.

«Ауқымды жұмыс атқарылды. Алдымен бізге бақылаушы органдарға «қауіпті өнім туралы» тізілім бизнес жұмысына залла тигізетінін түсіндіруге тура келді. Тағы сегіз ай ЕАЭО бойынша серіктестерімізге түсіндірумен болдық. Осы тізілімді құру мәселесі бірқатар басқа бастамаларды тежегеннен кейін ғана біз Одаққа мүше барлық елдің мақұлдауын алдық», – деді Жазира Шүйкебаева.

Қазіргі кезде «қауіпті өнім» ұғымы «сәйкес келмейтін өнімге» ауыстыру бөлігінде мемлекеттік бақылау жөніндегі келісім ЕАЭО-ға қатысушы елдердің қол қоюына жіберілді. Оған барлық тарап қол қойғаннан кейін «Сәйкес келмейтін өнім» тізілімі толық күшіне енеді.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер