astana-view

Балабақшалардағы турникеттер: балалардың ұлттық қауіпсіздігі неге кәсіпкер есебінен іске асып жатыр?

2023 жылғы 23 Тамыз
- Шымкент қаласы
7804 просмотров

 Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен білім беру саласы кеңесінің отырысы өтті. Жиында жеке мектептер мен балабақшалардың басшылары жеке білім беру ұйымдарының сапалы жұмысына кедергі келтіретін түйткілді мәселелерді талқылады.

Жеке балабақшалардың басшылары балабақшалардың кіреберіс есіктеріне турникеттерді міндетті түрде орнату туралы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына қатысты сын айтты.

«Бізде балабақшаларда бейнебақылау, домофон, шұғыл басқару орталығымен байланыстыратын дабыл түймесі де бар. Күзет те бар, енді міне турникет те қойылды. Террорлық қауіп болса, бұл турникеттер балаларды қаншалықты қорғай алады? Статистика көрсеткендей, елімізде мектепке дейінгі мекемелерде террорлық актілер тіркелмеген. Керісінше есік алдындағы осындай тосқауылдар өрт немесе жел сілкінісі кезінде кедергі болады. Бұл турникеттер ересек адамдарға арналған, балалар турникеті жоқ. Бала турникеттен өткен сайын басын соғып, шекесін жара жаздайды. Оның үстіне ата-ана баласын кіреберісте тастап, кіреберістен алып кетеді, олар ішке кірмейді. Бізге турникет балалардың ұлттық қауіпсіздігі дейді. Онда неге қауіпсіздік кәсіпкерлер есебінен іске асып жатыр? Ал егер балабақшаның 12 есігі болса, онда 12 турникет қою керек пе?», – деп наразылығын білдірді балабақшалардың басшылары.

Лейла Куленова атап өткендей, қауымдастық тиісті бұйрықтың күшін жою туралы, соның ішінде Мәжіліс депутаттарының көмегімен депутаттық сауал арқылы өтініш жасайтын болады.

Кәсіпкерлер мемлекеттік мектептерге қарағанда жеке мектептердің құқығы шектеулі екенін көтерді. Педагогтар үшін жеңілдіктер мен көтермелеулерге қатысты барлық нормативтік-құқықтық актіде міндетті түрде «мемлекеттік білім беру мекемелерінің педагогтары үшін» деген сөз бар.

«Мысалы, жекеменшік мектеп педагогтарын тұрғын үймен жеңілдікпен қамтамасыз ету мәселесін алайық. «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі №94 Заңында жеке білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне қолданылмайтын мемлекеттік мектеп оқытушылары үшін қосымша қолдау шаралары туралы айтылған. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте және кезектен тыс тұрғын үй беру туралы 118-бапқа сәйкес мемлекеттік білім беру мекемелерінің педагогтары ғана тұрғын үйге кезекке тұра алады (118-бап 14-тармақ)», – деп атап өтті Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының Шымкент филиалының директоры Диана Қараманова.

Жеке мектептер жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша да мемлекеттік мектептерден қалып қойған. Шымкент қаласы бес жылдан бері республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғанымен, жеке және мемлекеттік мектептерді жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшерінде және бір қала бөлінісінде айтарлықтай айырмашылық бар.

 «Жекеменшік мектептердің бастауыш сыныптарын жан басына қаржыландыру бір оқушыға жылына 445 мың теңгені құрайды. Ал мемлекеттік мектептер – 572 мың теңге. Сонымен қатар, мемлекеттік мектепте біліктілік санаты үшін осы сомадан артық қосымша ақы алады, ал жеке мектепте мұның бәрі мемлекет төлемдерінде «отырады». Сонымен қатар, біз оқулықтар мен әдістемелік құралдарды мемлекеттік құралдармен тең шарттарда алғымыз келеді, педагогтардың біліктілігін арттыруға жұмсалатын шығындарды өтегіміз келеді», – дейді жеке мектептердің басшылары.

Жеке білім беру ұйымдарының басшылары білім беру процесін тең емес қаржыландыруға байланысты тең емес жағдайға қойылды деп санайды. Олар Қазақстандағы үшінші мегаполистің жеке мектептері үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшерін ұлғайтуды сұрайды.

 «Қазіргі кезде Шымкент қаласында 100-ден аса жеке мектеп бар, онда 3 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді. Білім беру саласында қазір қызметкерлерді ынталандыру төмендеген, кадр тапшылығы байқалуда. Осыған байланысты жекеменшік мектептер мемлекеттік мектептермен салыстырғанда негізгі бәсекелестік артықшылығын жоғалтады. Білім беру іс-әрекетінің өзі әлеуметтік сипатта болады. Осыған байланысты бір іспен айналысатын адамдардың құқығы бұзылады», – деп санайды Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев.

«Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жұмыс істейтін жекеменшік мектептер оқулықтар сатып алу немесе бұл мәселені ата-аналардың иығына жүктеуге мәжбүр. Бұл балалардың тамақтануымен бірдей жағдай. Жоғарыда аталған проблемалар жүйелі сипатқа байланысты «Атамекен» Ұлттық палатасы проблемаларының тізіліміне енгізілген. Сондай-ақ проблеманы премьер-министрдің орынбасары Е. К. Жамаубаев пен отандық кәсіпкерлер кеңесінің қарауына шығардық. Жеке мектептерде оқитын әлеуметтік осал топтағы балаларды тамақ және оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесін ішінара шешу мүмкін болды. Қалған проблемаларды шешу үшін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу талап етіледі. Ұлттық палата Оқу-ағарту министрлігіне тиісті ұсыныстар енгізді», – деп толықтырды ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов.

Жеке білім беру жөніндегі салалық кеңестің отырысы тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен өтті, кәсіпкерлердің барлық сұрағы назарға алынды, сондай-ақ тиісті жауаптар мен түсініктемелер берілді. 

 

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер