astana-view

Қазақстанда құрамында спирті бар дәрілік заттар қымбаттауы мүмкін

2023 жылғы 03 Қараша
8678 просмотров

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап құрамында денатуратталмаған этил спирті бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға акциз салынады. Мысалы 100% спирттің литрі үшін 600 теңге, спирт тұнбалары үшін 100% спирттің литріне  2 550 теңге мөлшерінде акциз салынатын болады.

«Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдрахманованың айтуынша, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру үшін этил спиртіне акцизді енгізу құрамында спирті бар отандық өнім бағасының 30-100%-ға өсуіне алып келеді. Атап айтқанда, йод, зеленка, ротокан, корвалол, меновазин, валериан, қырмызыгүл тұнбалары сияқты бірінші кезектегі препараттар қымбаттайды. Мысалы, долана тұнбасының 100 мл-ге бағасы өндірушіден 191 теңгеден 395 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Отандық өндірушілер де дабыл қағып жатыр. Олардың айтуынша, этил спиртіне акциз енгізу құрамында спирті бар отандық өнімдерді Қазақстан нарығынан ығыстыруға әкеледі, Соның салдарынан өндірістік қуаттылық төмендейді, қызметкерлердің саны қысқарады.

«Этанолды сатып алуға акцизді қосу өнімдеріміздің 80%-ға қымбаттауына алып келеді. Тиісінше, алкогольге акциз салынбайтын Беларусь және Ресей елдерінің өнімдерімен салыстырғанда бірден бәсекеге қабілетсізбіз боламыз. Бұл елдер онсыз да Қазақстан нарығында үстем жағдайда.  Бәсекеге қабілетсіз баға өндірістің қысқаруына немесе банкроттыққа әкелуі мүмкін. Қазір компаниямызда 80 қызметкер жұмыс істейді. Біз персоналдың жартысын қысқартуға мәжбүр боламыз, өйткені этил спирті негізіндегі дезинфекциялау құралдары өндірісіміздің жалпы көлемінің 70%-ын құрайды», – дейді «БО-НА» ЖШС директоры Нұрлан Ережепов.

«Фармация 2010» ЖШС директоры Серік Қуанышев те әріптесін қолдады. Кәсіпкер қазіргі кезде ЖШС өндірісінде 100-ден 140-қа дейін жұмысшы тартылғанын атап өтті. Кәсіпорын әр қызметкер үшін салықтың 9 түрін төлейді. Өндіріс тоқтаған жағдайда қызметкерлер жұмыссыз қалады, ал бюджет ақша алмайды.

«Қазақстан ФарМедМндустриясы» фармацевтикалық және медициналық өнімдерді өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдария Манақбаева құрамында спирті бар өнімдердің қымбаттауы медициналық ұйымдардың сатып алуына да әсер ететінін атап өтті.

«ТМККК шеңберінде құрамында спирті бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 30-ға жуық атауы жеткізіледі. Бұл йод, салицил спирті, повидон йоды, этанол және т.б. Осы өнімдерге акцизді енгізу сатып алу шеңберіндегі бағаға әсер етеді. Құн өскен жағдайда мемлекеттің осы препараттарды сатып алмауы қаупі туындайды. Ауруханалар осы өнімдерге қол жеткізе алмай қалады», – деді спикер.

Айта кету керек, бұл норма Салық кодексіне 2022 жылдың желтоқсанында қабылданды. Оның енгізілуі фармацевтика саласының өкілдерімен талқыланбады.

Қазіргі кезде «Атамекен» ҰКП мамандары дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру үшін этил спиртіне акцизден босату жөніндегі норманы қайтару бойынша жұмыс жүргізуде.

Бұл мәселе барлық алаңда талқыланды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру үшін этил спиртіне арналған шығыстар бойынша есептеулерге қайта талдау жүргізіледі.

Алайда, бүгінгі таңда мәселені шешу бойынша ымыраға қол жеткізілген жоқ.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер