astana-view

Шымкент: Өңдеу өнеркәсібі кеңесінің отырысы өтті

2023 жылғы 03 Қараша
- Шымкент қаласы
6807 просмотров

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы кешені кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата және «Шымкент ӘКК» АҚ басшылығы, Қаратау ауданының прокуроры, аудан әкімдігі мен қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өкілдері, «Тассай» индустриалды аумағы және аудан кәсіпкерлері қатысты.

Отырыста жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту, атап айтқанда, индустриалды аймақтардағы жер телімдерін пайдалану және басқа да мәселелер көтерілді.

«Тассай» индустриалды аймағындағы кәсіпкерлер құжаттарды заңдастыру, оған қоса орталық коммуналды жүйелерге қосылу мәселесін көтерді. Оларға жауап берген «Шымкент ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Шәріпбек Омарбеков құжаттар қалалық әкімдіктің басқармаларына жіберілгенін, қазірде жауабын күтіп отырғандарын айтты.

Сонымен қатар Арғынбеков көшесінің бойындағы кәсіпкерлік нысандарының иелері де коммуналды инфрақұрылымға байланысты проблемаларын ортаға салды. Атап айтқанда кәсіпкерлерді электр жарығының жиі сөнуі, орталық кәріз жүйесіне қосылу мәселелері мазалайды. Оларға жиынға қатысып отырған Қаратау ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлсина Әмірбекова жауап беріп, нысандарды қабылдау актілері тиісті мемлекеттік органдарға жіберілгенін айтты.

Прокуратура өкілдері әкімшілік кедергілер туындаған жағдайда қандай шаралар қолдану керегін түсіндіріп, бизнес өкілдерінің проблемаларын жазып алды. Ал Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнес қауымдастықты қолдау бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер